Қазақ ешқашан «Мұхаммед» бола алмайды

Өткенде Гүлім әпкемнің бала-келіні Нұрбек пен Шара қызды болды. Арнайы маған өтініш жасап, мен азан шақырып, қамат айтып, ат қойдым. Есімі — Асылым. Бұл есім өзіме қатты ұнайды. Не деген ғажайып, сұлу сөз.
Ал, бүгін әріптес ағамыз Бекжігіт Сердәлі «ЕСІМІҢІЗ КІМ?» деген жазбасында: «Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы ұлдар мен қыздар арасындағы 2024 жылғы ең танымал есімдерді жариялады: қыздар Айлин, Медина, Асылым, Айша, Томирис, Аяла, Айым, Раяна, Сафия және Мариям; ұлдар Мұхаммед, Айсұлтан, Әлихан, Мухаммад, Омар, Алдияр, Әмір, Алан, Әли және Хамза.
Байқасаңыздар, басым бөлігі таза қазақ есімдері емес. Мәселен, салыстыру үшін, Грузияда Гиоргий, Зураб, Леван, Теймураз, Лука, Гоча; ал, Арменияда Нарек, Айк, Тигран, Арег, Лео ең танымал есімдер қатарында.
Тіліміз — қойыртпақ, киномыз — қойыртпақ, әніміз — қойыртпақ, сөзіміз — қойыртпақ, тегіміз — қойыртпақ, енді есімдеріміздің де қойыртпақтана бастағаны ма, деп ойланады екенсің.
Кісі есімінің — бәрі жақсы. Дегенмен, ұлтыңның кодын танытып тұратын есіміңнің болғанына не жетсін!» — деп, өте өзекті мәселе көтеріпті.
Меніңше, ат қою, есім таңдау — аса ауыр да жауапты міндет.
Жастар бір нәрсені түсінбейді: әу баста жаратқан Құдай ұлттарды әртүрлі, тілдерін әралуан етіп жаратты. Неге десеңіз, әр ұлттың өз ерекшелігін айқындап берді.
Біз қазір сол Құдайдың «қатесін» түзегіміз келеді. Мысалы, сен — араб емес, қазақсың ба, онда ешқашан Мұхаммед бола алмайсың, сен — мәңгі бақи Махамбетсің!
Құдай солай деп шешкен!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото автордың парақшасынан алынды.