Қазақстанның сыртқы қарызы — 165 млрд 630 млн доллар

Ұлттық банк Қазақстанның 2025 жылдың басындағы сыртқы борышын алдын ала бағалау туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанның сыртқы борышы 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 165 миллиард 630 миллион долларды құрады.
Борыштың ең көп мөлшері тікелей инвестицияларға: фирмааралық берешекке тиесілі болып отыр (91 млрд 658 млн доллар). Одан кейінгі орында басқа секторларға тиесілі борыш — 45 млрд 513 млн доллар.
Борыш бойынша үштікті банктер тұйықтап отыр — 13 млрд 265 млн доллар. Ал 12 миллиард 724 млн доллар борыш мемлекеттік басқару органдарына, 2 млрд 470 млн доллар борыш орталық банкке тиесілі.
Айта кетсек, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сыртқы борыш 161 млрд 163 млн доллар болса, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сыртқы борыш 163 млрд 551 млн долларды құраған.
Ұлттық банк 2025 жылғы 1 қаңтарға есептік сыртқы борыш 2025 жылдың 31 наурызында жарияланатынын мәлімдеді.
«Қазақстан Ұлттық Банкі жарияланатын статистикалық және талдамалық ақпарат көлемін кеңейту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жарияланым елдің сыртқы сектордағы позициясын неғұрлым уақытылы баға беруге мүмкіндік береді және мемлекеттік органдарға, сарапшыларға, зерттеушілерге, рейтингтік агенттіктерге пайдалы болады», — делінген банк хабарламасында.