Депутат Ирина Смирнова: «Маған бір тиын да берген жоқ»

0
299

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова 2021 жылы Сорос қорына не себепті алғыс білдіргенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжілісте Ирина Смирнова Қазақстанда шетелдік агенттер туралы заң қабылдауды ұсынды. Кейіннен әлеуметтік желі қолданушылары депутаттың өзі америкалық миллиардер Джордж Соростың үкіметтік емес қайырымдылық ұйымы – Сорос қорымен серіктестікте болғанына назар аударды.

2021 жылы «Сорос-Қазақстан қоры» сайтында Ирина Смирнованың сөздері келтірілген мақала жарияланған. Онда депутат ұйыммен жұмысының азамат ретінде қалыптасуына көмектескенін айтқан.

Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұхбатында Ирина Смирнова Сорос қорынан ешқандай қаржыландыру алмағанын, бірақ ұйымның іс-шараларына қатысқанын мәлімдеді.

«Мені сол кезде Алматыда өткен Саяси шешімдер институты клубы шақырды. Онда өзекті мәселелер қаралды. Сорос қоры маған бір тиын да берген жоқ. Мен ешқандай бағдарлама бойынша ақша алған жоқпын. Мені тек сол жердегі проблемалар туралы айту үшін шақырды», – деді депутат.

Ол өз сауалында тек қаржыландыру көздерін көрсету керектігін айтқанын атап өтті.

«Біз бар болғаны қаржыландыру көзі туралы ашық ақпарат болуы керек деп айтып отырмыз. Егер сізді біреу қаржыландыратын болса, кім екенін, қанша қаражат бөлінгенін және қандай мақсатта қаражат бөлгенін айтыңыз”, – деді депутат.