Онсызда «белі бүгілген» білім саласы Ғани Бейсембаевтың тұсында тізерлей шөкті

0
3919

«Өмірде екі нәрседен қателесуге болмайды», – депті Ғани Бейсембаев ілгеріде берген бір сұхбатында. Оның біріншісі – мамандық, екіншісі – жар таңдау екен. Екіншісін өзі білер, министр біріншісін өте сәтті таңдаған. Оны айтасыз, бұл кісі педагогика саласына баратынын пионер кезінде-ақ шешіп қойған.

«Болар бала…»

Ғани Бектайұлы – қауынды өңірдің баласы. 1969 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында өмірге келген. Жас кезінде өнерге бейім болған.

Бұл жөнінде wikipedia былай дейді: «Бала кезінде домбыра ойнап аудандық, облыстық, республикалық сайыстарға қатысатын және сол себеппен әнші, музыкант мансабын таңдау жайлы ойлайтынын айтып кеткен және мектеп кезінде пионер болған. Пионерлігі кезінде педагогика мансабын таңдаған».

Салақтап музыканың соңынан кеткенде Ғани Бектайұлы ары кетсе, көп әншінің бірі болар еді. Педагогиканы таңдап, осы салада талмай еңбектенгені – жемісін берді.

Бірақ жас кезінде «миды ашытатын» мамандықты неге таңдады? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін пионердің кім екенін түсініп алған дұрыс.

Ал «пионер деген кім?» деп сұрасаңыз, елдің көбі «комсомолдың інісі» деп жауап береді. Бұлары дұрыс. Ғани Бектайұлы 6 жасынан мектепке барды деп есептеңіз, 10-сыныпты 1985 жылы бітіруі керек. Бұл кезеңде қызыл галстук тақпаған, пионер болмаған бала жоқ.

Алайда министрдің өмірбаянындағы пионердің жөні сәл басқаша секілді. Өйткені wikipedia берген анықтамада «Пионерия – балалар филармониясы» деп көрсетілген. Демек Ғани Бектайұлы балалар филармониясының белді мүшесі болған өнерпаз. Қысқасы, былай да – пионер, былай да – пионер.

Ал қаршадай күнінде ұстаздық бағытты неге таңдады? Мұның жайын мәнсап жолына үңілсеңіз, түсінесіз. Болашақ министр 1986-1989 жылдары Шиелі аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі болған. Бүгінгі жастар ұқпауы мүмкін, автоклуб дегеннің не екенін үлкендер жақсы біледі – ырду-дырду болып түзде жүретін әртістер тобы. Жастарға ұнауы мүмкін, бірақ естияр адамдар онша қалай бермейтін жұмыс. Есінің ерте кіргені болар, Ғани Бектайұлы бұдан кейін бірден Алматыға тартып кеткен. Іле ауданында мұғалім болған. Ұстаздық жолға шындап кіріскені де осы кезең секілді. Мектеп пен колледж директоры, Білім бөлімінің басшысы, Халықаралық білім беру орталығының директоры секілді түрлі лауазымдарды атқарған.

Ал министрлікке көтерілуі Асхат Аймағамбетовтің кезеңімен тұспа-тұс келеді. 2022 жылы Білім және ғылым министрінің орынбасары болып тағайындалған.

Алайда бұл министрлік дәл осы жылы Оқу-ағарту министрлігі, сосын Ғылым және жоғары білім министрлігі болып, екіге «қақ» бөлінді. Бейсембаев Аймағамбетовтің артынан кетті.

Оқу-ағарту министрлігінің вице-министрі болды. Білім саласы бойынша Қазақстандағы ең сүйкімді министр атанған Аймағамбетов қызметінен кеткенде, орынбасар деген атына лайық екенін дәлелдеп, бос орынды «басып қалды».

Медаль мен садақа

Асхат Аймағамбетовтен кейін білім саласына кім келсе де, оңай болмас еді. Ал Бейсембаевқа тіпті қиын соқты. Өйткені жұртшылық бұрынғы мен қазіргіні салыстырып, ой түюге әуес.

Ал Аймағамбетов не істеп еді? Мектептерді әкімдіктің әпербақан әрекетінен құтқаратын жүйе жасады, мұғалімдердің жалақысын көтерді, қаптап кеткен «жабайы» ЖОО-ларды жапты, тендерлік құжаттама мен сараптамаға қойылатын талаптарды күшейту арқылы сапасыз оқулық дайындайтын пайдакүнемдердің жолын кесті.

«Мұғалім – мектептің жүрегі» деді. Сөйтті де, өзін аяусыз сынап жүрген Айман Сағидулла, Балжігіт Торыбаев секілді белсенді мұғалімдерді кабинетіне шақырып, емен-жарқын әңгімелесті. Сөзін тыңдады, жүрегіне үңілді. Білім саласының түйткілдерін бірге отырып, талқылады.

Құдайшылығын айтайық, Ғани Бейсембаев та қарап жатқан жоқ. Бір қызығы, қазіргі министрдің көтерген мәселесі автоклуб өнерпаздарының концертіндей ырду-дырдуға ұласып кетеді.

Мәселен, министр болған жылы бұл кісі «тәп-тәуір бір мәселе» көтеріп, былай деген: «Автоматты түрде наградаларды беріп отыратын боламыз. Мысалы, мектептерде былай шешілді – ол колледждерде де солай болады: модератор алған адам бірден министрдің Алғыс хатын алуы керек. Сарапшы болсаң, Құрмет грамотасы бар. Еңбек қой енді ол. Еңбектерімен жетіп отыр ғой. Ары қарай егер зерттеуші болса, білім жүйесінің құрметті қызметкері атағын алуы тиіс. Мастерге жеткен адамға автоматты түрде Алтынсарин медалі табысталуы керек».

Сол сол-ақ, министр жаппай сынның астында қалды. «Оу, қоғамды марапатпен алдап, атақұмарлыққа тәрбиелеуді доғарудың орнына мектепке апарайын дедіңдер ме? Мынаны естіп төбе шашым тік тұрды. Не масқара мынау? 50 мың Алтынсарин, 100 мың құрметті қызметкерді таратасыңдар ма?», – деді елге белгілі мұғалімнің бірі.

Журналистерге де жаңалық табылды. «Тарихта медаль таратумен аты қалатын министр», Бейсембаев медаль таратады, педагогтар садақа жинайды» деген тақырыппен мақала жариялады.

Бірақ біз бұл жерден аса бір өрескелдік көріп тұрғамыз жоқ. Өзі «Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері болған соң, өзге мұғалімдер де сондай марапатқа ие болсын деген шығар.

Ұстаздарды ынталандыру үшін әрбір модераторға өз қолымен Алғыс хат жазып беріп, көңілдерін демдегісі келген шығар. Бірақ соның өзінде жұртқа жақпады, елге ұнамады. Дегенмен біз мұны Бейсембаев ұялатындай сын деп айта алмаймыз. Өйткені сынның көкесі алдыда әлі.

«Бардак» және батпақ шылау

«Пионер» сөзінің біреу біліп, біреу білмейтін тағы бір мағынасы бар. Мәселен құрылысқа жаңа келген жас жігіт күрек саптап, батпақ шылауға жарағанымен, кірпіш қалай алмауы мүмкін.

Сондықтан оны әріптестері «Е, бұл құрылыстың пионері ғой» дей салады. Алайда Ғани Бектайұлын педагогиканың пионері деп ешкім де айта алмаса керек.

Есесіне, қазіргі министр «кірпіш қалағаннан» гөрі «батпақ шылауға» құмар деген бір пікір айтылады.

Тіпті «QAZBILIM» жобаларының авторы Аятжан Ахметжанұлы «Аймағамбетов әшекейлеп қалаған қабырғаны Бейсембаев бұзып жатыр» дегенге жақын ой айтқан. Бұл не деген сөз? Пікірінің дәлелі бар ма?

Аятжан Ахметжанұлы бүй дейді: «Аймағамбетов оқушыны қаланың ішінен, бір өңірден тоқсан үзілісінен басқа уақытта ауыстырмау туралы норма қойды. Биыл оны Оқу ағарту министрлігі алып тастады. Ол не үшін істелді? Мысалы жекеменшік мектептер әр айдың 15-і күні мемлекетке оқушылардың тізімін өткізеді. Ал негізі жекеменшік мектептер қарапайым мектептен оқушыны әкеліп, он күн тізімге қосып, қайтадан қайтарып жібереді. Оны баланың ата-анасы да білмей қалады. Осыдан жемқорлық фактілері туады. Тәртіпке келіп қалып едік. Ал біз тәртіпті алдық та, қайтадан «бардак» болды. Заңмен бірінші сыныпқа қабылдауды 31 шілдемен аяқтайтын етіп бекіткен. Оны өзгертіп, 31 тамызға қайтадан сырып тастады».

Ғани Бейсембаевтың Аятжан Ахметжанұлына жауап берген-бермегені белгісіз. Қалай дегенмен министрдің енгізген өзгерісін білікті мұғалімнің сынап жатқаны жақсылықтың нышаны болмаса керек.

Оның үстіне, министрдің тірлігінен мін тауып жататын тек ұстаздар емес. Мәселен Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек министр Бейсембаевқа сөзін өткізе алмай, қапа боп жүр.

«Мектептегі қазақ тілі пәні – нағыз функционалды сауаттылыққа үйрететін пән. Бірақ солай бола тұра, мектептегі ең сорлы пән қазақ тілі: оның мақсаты дұрыс қойылмаған; бағдарламасы быт-шыт; ең бастысы, пәнді білудің заңдылық негізі мүлдем жоқ, ешбір жерде белгіленбеген. Мектептегі керек пәнді, жалпыға тегіс керек пәнді дәл осылай сүмірейту дұрыс емес», – дейді ашынған Бижомарт Қапалбек.

Ғалымның айтуынша, жылдан-жылға өзгеріп жатқан қазақ тілін оқытудағы мектеп бағдарламасының кемшіліктерін жіпке тізіп, бір топ ғалыммен зерттеу де жүргізген.

Қортындысын Ғани Бейсембаевқа 2023-2024 жылдары екі рет жөнелтіп, арнайы хат жолдаған көрінеді. Бірақ министр жауап бермек түгілі реакция білдірмеген. Яғни, қыстырмаған.

Байқасаңыз, «бардак», «быт-шыт», «сүмірейту» секілді осындай бағалаулардың бәрі жоғарыдағы «батпақ шылау» әрекетінің жобасына жақындайды. Алайда біз мұны да Бейсембаев ұялатын мәселе деп ойламаймыз.

Нысана мен нышана

Бейсембаевтың Бейсембаев болғалы жасаған ең ірі жобасы «Нысаналы мектеп» деп аталады. Бұл кейін «Мақсатты мектеп» атауына ауысқан сыңайы бар. Аты ауысқанда тұрған ештеңе жоқ, мәселе оның «затында» болса керек.

«Нысаналы мектептің» нысанасына 943 мектептің мұғалімдері іліккен. Яғни, Қазақстан бойынша осынша мектептің ұстаздары онлайн курс оқып, артынан тестілеуден өтуі керек.

Тестілеу болғанда, бір кіріп-шығып құтылатын сынақ емес, ауық-ауық өтіп тұратын басы артық шаруаға ұқсайды. Міне, мұғалімдер осыған наразы.

943 мектептің әрқайсысында 100 мұғалімнен бар деп есептесеңіз, бұл – жүз мыңдаған мұғалімнің басындағы кеп.

Сондықтан олар 2024 жылдың қазан айында «Мақсатты мектеп» мақсатынан жаңылды, «Бейсембаевтың батпағына баттық» деп президент Тоқаевқа ашық хат жолдап, министрдің отставкасын талап етті.

Оған 1200-ден астам педагог қол қойған. Сөйтіп, наразы ұстаздар қауымы жиылып, министрдің өзін «нысанаға» алды.

Дегенмен мұғалімдердің мұңын дәл өздеріндей ешкім айта алмайтыны ақиқат.

Сондықтан Ашық хаттан үзінді берейік: «Мақсатты мектеп» жобасының жұмысы материалдық-техникалық жарақтандырудан емес, мұғалімдерді онлайн оқытудан басталды. Мұғалімдер тамыз айынан бері бес модульдік онлайн оқудан өтті. Әр модуль сайын көптеген онлайн тест тапсырды. Тест сұрақтарының басым бөлігі психологиялық, методикалық сұрақтардан тұрады. Пәнге арналған сұрақтардың өзі де қатеге толы. Енді заңды сауал: мұғалімдер бала оқыта ма, әлде онлайн оқып, күн сайын тест тапсыра ма? Оның үстіне, жоба жыл бойына жалғасады екен. Онсыз да белгілі, педагогтардың жеке өмірге уақыты жоқ».

Жеке өмір демекші, «Мақсатты мектеп» жобасының тестілеуі сенбі мен жексенбі күндеріне түседі екен. Яғни, жұмыс күндерінде балаларға сабақ берумен қатар, өзі де онлайн оқып үлгеруі тиіс педагогтар заңды демалыс күндерінде тестілеуге жүгіреді.

Ал бұл дегеніңіз, Еңбек кодексіне қайшы. Ал белсенді мұғалім Айман Сағидулланың айтуынша, «Мақсатты мектеп» туралы «Педагог мәртебесі» заңында да, «Білім туралы» заңда да ештеңе көрсетілмеген. «Әділет» сайтында да жарияланған жаңа нәрсе жоқ. Яғни, жоба заңмен бекітілмеген.

Бейсембаевтың «Нысаналы жобасы нышаналы бала секілді» дейтін әңгімелер осыдан кейін шыққан сияқты. Енді оған мынаны қосыңыз.

Белсенді ұстаз Мира Барказатқызы жуырда ғана өз парақшасында «Нысаналы мектеп» жобасының курсына бармаған мұғаліммен енді әкімдер «сөйлесуді» бастапты. Тестке бармаған мұғалімдерді «әкімдер қысып жатыр» деген қоңырау түсіп жатыр. Бұл қалай? ҰБТ-ға жауап бермейтіндер, олимпиадаға баратын оқушыға көлік бөлмейтін Әкімдер аяқ астынан «нысаналы мектеп» мұғалімдерінің тестіленуіне неге жауап беріп қалған?!» деп жазды.

Расында, өте орынды сұрақ. Әкім-сәкімдердің мектепте не шаруасы бар? Әрбірден соң жергілікті шенеуніктер мұғалімге қысастық көрсетсе, бірінші болып Оқу-ағарту министрлігі араша түсуі керек еді ғой. Бұл жерде керісінше.

Министрдің нысаналы жобасына әкімдер қолдау білдіріп, ұстаздарды «бұрышқа тұрғызып» жатыр. Енді амал жоқ, дәл осы жерде біз де бір салыстыру жасауға мәжбүрміз.

Асхат Аймағамбетовтің түсінігінде «Мектептің жүрегі – мұғалім» болған. Ал Ғани Бейсембаевтың танымында «Мектептің жүрегі – әкім» бе, сонда?

Мұндай сауал қоюымызға нақты дәлел, бұлтартпас айғақ бар. Жаңа жылдық шыршаны тұрғызамын деп ауыр жарақат алған семейлік мұғалім Қуат Айтқалиевтың оқиғасы түсінетін адамға талай нәрсені «айтып» тұр.

Онсыз да «ми ашытқыш» мамандықты таңдаған мұғалімдер министрдің «Нысаналы мектебімен» бас қатырып жүргенде, жергілікті әкімдер оларды қара жұмысқа жегеді.

Шенеуніктер мектеп қызметкерлерін сіргелі өгіздей көреді, қайда сүйресем, өзім білем деп ойлайды.

Сол өзімбілемдіктің ақыры бір мұғалімді саптан шығарып, санаттын ысырды. Міне, осы кезде Ғани Бейсембаев не істеді?

«Айыптылар жазаланады, мұғалімнің жағдайы назарымызда» дегендей тым әлжуаз, тым босаң сөз айтты. Ауруханадан әрең шыққан Қуат Айтқалиев жуырда әкімдікті сотқа беріп, құқын даулап жүр. Ол неге өйтуі керек?

Зардап шеккен мұғалім білім саласына енді керек емес пе? Әсілінде, осы оқиғадан кейін Ғани Бейсембаев «Қадірменді ұстаздар қауымы, ешқашан өздеріңіздің қызметтеріңізге кірмейтін шаруаға кіріспеңіздер. Сіздерді күштеуге, мәжбүрлеуге ешкімнің құқы жоқ. Әлдеқандай қысастық, қысым көрсеңіздер, тікелей маған хабарласыңыздар!» десе, мұғалімді қолбала көретін әкімдер ойланар еді. Тіпті ұстаздардың өзі «Бейсембаевты бекер жазғырып жүр екенбіз ғой, айтқанына көнейік, «нысанасына» бас иейік» дер еді. Өкінішке қарай, бұл мәселе Оқу-ағарту министрінің өңі түгілі түсіне де кірмеген сияқты.

ҰБТ-дан БҰТ жақсы

Естеріңізде болса, баяғыда «Біріңғай ұлттық тестілеу» дейміз бе, «Ұлттық біріңғай тестілеу» дейміз бе деген бір әңгіме көтерілген.

Алғашқысының алғашқы әріптерінен ыңғайсыздау сөз шығып қалатын болған соң ба, кейінгісі қолданысқа еніп, көңілге жатталды.

Әйтпесе «ұлттық» пен «тестілеудің» арасына өзге сөз қоспау – қазақы таным мен тілдік нормаға да сай келер еді. Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлінуі де – көптің көңілінде «қайсысы дұрыс?» деген сауал тудырды.

Өйткені Мектептің мәселесі Оқу ағартуға қалды да, ҰБТ Білім және жоғары білім министрілігіне өтті. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Мұның жауабын біз емес, білім саласының мамандары айтуы керек.

Ал Ғани Бейсембаев не айтты? Оны сәл кейінге қалдыра тұрып, министрдің арман-мақсатын айқындайтын ең керемет сөзіне назар аудартайық: «Мұғалімнің жетістігі – оқушының жетістігімен бағалануы керек», – дейді Бейсембаев. Түсінген адамға сөздің төресі – осы. Әйтпесе, мықты мұғаліміңнен не пайда, егер оқушысы білім алып оңдырмай жатса?! Демек ұстаздың қандай екені шәкіртінің білімімен бағаланғаны жөн. Егер Сіз осыған келіссеңіз, онда Бейсембаевтың «Нысаналы мектебіне» мұң басқан мұғалімнің жанарымен емес, министрдің өз көзімен қарауыңыз керек. Яғни, министр мектепті алашапқынға салса да, балалардың ақылды, білімді болып шыққанын қалайды. Дұрыс, орынды.

Қызығы, мақтаулы министрдің тағы бір сөзі – жоғарыдағы тағылымды ойына қайшы. «Баланы ҰБТ-ға дайындау – мектептің міндеті емес» дейді Бейсембаев. Қалайша? Сонда Оқу-ағарту министрлігі балаларды сәл-пәл оқытып, аздап «ағартып», сосын қоя бере сала ма?

Негізі аса бір ерекше мамандық болмаса, ҰБТ-да мектеп бағдарламасынан тыс сауалдар болмауы керек.

Болса, мұғалімдерді демалыссыз жұмыс істетіп, оқушының қамын жеген Бейсембаев неге Білім және жоғары ғылым министрлігімен айқаспайды?

Әлде ҰБТ-ның сол жаққа өтіп кеткеніне өкпелеп жүр ме? Енді мұның анық-қанығын бізден гөрі, бірі ошағына, бірі қазанына ие болған қос саланың сайыпқыран мамандары жақсы білсе керек.

Түйін: Ғани Бейсембаев – айтса, айтқанын істей алатын адам. Мәселен министрдің креслосына отыра салып, Соңғы қоңырауды 1 маусымға ысырған.

Министрлікке он басшы келіп, жиырмасы кетсе де, дәл мұндай өзгерісті ешкім жасай алған жоқ. Бірақ Бейсембаев «жасағанын» келесі жылы қайта өзгертіп, 1 маусымды үйреншікті 25 мамырға ауыстырды.

Міне, осы кезде министрдің бұл қылығын қоңыраудың дауысына құмар пионердің әрекетіне ұқсатқандар болды.

Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Қорытынды былай: Ғани Бейсембаев – өзіне деген қарсылық қоғамдық сипат алса, артқа шегіне білетін кісі.

Демек «Әрқашанда дайынбыз!» деп, алға ентелей беретін «өлермен» пионерлердің анты министрдің болмысына бөтен. Бейсембаевтікі бірде – алға, бірде – артқа…

Сансызбай НҰРБАБА.

Дереккөз Nege.kz.

Фото интернеттен.