Мектепте оқытқан тақырыптар ҰБТ сұрақтарында келмейді

Менің жазбаларымды оқығанда “зейнеткер жұмыстан шығып қалған соң жазып отыр” деп қарасаңыз бүгінгі білім берудің қиындығын түсінбейсіз.
— Апай,- біз оқып отырған тақырыптар ҰБТ-да кездеспейді, сонда не оқып отырмыз?-деп сұрайды оқушылар. Орынды сұрақ. Соның жауабын берейін.
ҰБТ- да “Оқу сауаттылығы” бойынша білім тексеріледі. Яғни, мектепте оқыған біліміңді сауатты қолдана білу, алған біліміңнің бар екенін дәлелдеу.
Ондағы тапсырмалардың күрделілігі мектептегі тапсырмалардан 6 есе қиын. Мектепте мәтін талдайды (өкініштісі мәтін талдау методикасы әлі жазылмаған)
Мектептегі оқыту функционалдық сауаттылыққа негізделген дейді, бірақ тапсврмалар жүйесі PIZA тапсырмаларының қарапайым деңгейіне де жетпейді. Сондықтан білім алушы қосымша білім орталықтарында ақылы дайындалады. Соған мәжбүр болады.
МЕКТЕП ҚАЛАЙ ОҚЫТАДЫ?
Стандартқа сай, оқу бағдарламасына негізделген оқу мақсаттарын орындап оқытады.
Бағдарламада «оқыту мақсаттары» сан мен әріптен тұратын кодтық белгімен белгіленді. Кодтық белгідегі бірінші сан сыныпты, әріппен берілген белгі сөйлеу әрекетінің дағдысын (тыңдалым және айтылым, оқылым, жазылым, әдеби тіл нормалары), әріппен қоса берілетін сандар бөлімшедегі оқыту мақсатының реттік нөмірін көрсетеді. 8.2.1.2 кодында: «8» – сынып, «2.1» – бөлім мен бөлімше, «2» – оқыту мақсатының реттік саны.
Оқыту мақсаттарының жүйесі бөлім бойынша әр сыныпқа берілген.
1) тыңдалым және айтылым:
2) оқылым:
3) жазылым:
4) ӘТН : әдеби тіл нормалары
Мынау төрт дағдыны үйретеміз. 45 минутта тыңдалым/айтылым тапсырмаларын орындаймыз.
Берілген мәтіндегі ойды болжатамыз, сұрақ қойғызтамыз, сұраққа жауап береді. Оқушы жұппен, топпен, жеке сөйлейді (Сөйлеудің көлемі, мөлшері, ең төменгі немесе жоғарғы деңгейі анықталмаған)
АЙТЫЛЫМ бойынша мына мақсаттарды орындауы керек:
- 1. 1. 1 мәтіннен алынған дәйексөздерге, үзінділерге сүйене отырып, көтерілетін мәселені болжау
- 1. 2. 1 әлеуметтік-қоғамдық, мәдени-тарихи тақырыптарға байланысты диалог, монолог, полилогтердегі (интервью, пікірталас үзінді) автор көзқарасы мен экспресивті-эмоционалды сөздердің рөлін талдау
- 1. 3. 1 тыңдалған мәтіннің мазмұнын түсіну, ұсынылған ақпараттан астарлы ойды анықтау
- 1. 4. 1 мәтінде көтерілген мәселені (тұрмыстық, әлеуметтік) талдай отырып, негізгі ойды анықтау
- 1. 5. 1 перифраз түрінде берілген сұрақтар арқылы мәтіннен қажетті ақпаратты таба білу, көтерілген мәселе бойынша ой тұжырымдау
- 1. 6. 1 коммуникативтік жағдаятқа сай ғылыми және халықаралық терминдерді, ғылыми деректерді орынды қолданып, диалог, монолог, полилогта өз ойын дәлелді, жүйелі жеткізу
АЛТЫ МАҚСАТТЫ екіден бөліп 3 сабақта оқушының дәйексөзге сүйеніп болжау дағдысын, мәтіндегі (ол интервью болу керек) автор көзқарасын анықтау, эксперессивті-эмоционалды сөздердің рөлін талдау дағдысына үйретемін.
Енді сорлағанда оқулықтан дәйексөзі бар материал таппайсың, немесе эмоционалды-экспрессивті сөз таппайсың. Онда бір ғалымның мақаласы тұрады.
Содан өзің бөлімге, тақырыпқа сай интервью, эмоционалды-экспрессивті сөзі бар мақала іздеп кетесің. Оны да тауып аласың. Оны орындағанда оқушы болжауға, эмоционалды сөзді тануға үйренеді.
Ал назардан бөлімдегі грамматикалық тақырып “Сөздерді бас әріппен жазу”, “Жалқы есім” қалып қалады. 45 минутқа сыймайды. Ал ҰБТ қайда?! PIZA қайда?! Оқушы “интервью”-дің не екенін білмесе, білдіресің, эмоционалды-экспрессивті сөзді білмесе білдіресің.
Сонда не істеу керек дейсіңдер ғой! Сәйкестендіру керек. Академиялық білімнің жүйесін матрицаға салып, 5-11 сынып арасында жас ерекшелігіне қарай жіктеу керек.
Оқу мақсатын содан жасау керек және оған мәтін берілгенде оқушы осы төрт дағдыны меңгереді. Әр сыныптың оқу мақсаттарына оқыту методикасын жасау керек.
Оны Халықаралық PIZA деңгейіндегі тапсырмаларға сай (алты деңгейге) жүйелеуге болады. Ғалымдарымыздың оған шамасы жетеді. Мұғалімдеріміздің де шамасы жетеді.,
Мира БАРКАЗАТҚЫЗЫ, білікті ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.