Аттестация, сертификат, портфолио: Ұстаздарды алдап, алшаң басқан алаяқтар

Қазір әлеуметтік желіде «мұғалімдерге портфолио жасаймыз», «аттестацияға жарамды сертификат береміз», «шетелдік конференцияға апарамыз» сияқты жарнамалар саңырауқұлақша қаптап жүр. «Министрлікпен тығыз байланыстамыз» деген кейбір компания оқытушылардың ақшасын алып, сан соқтырып та кеткен. Жалпы, ұстаздар неге осындай аты бар, заты жоқ ұйымдарға жиі алданады? Алаяқтықтың артында кімдер тұр?
Осыдан екі жыл бұрын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді аттестаттау, портфолио жинау мәселесі қайта қаралатынын айтқан еді. Себебі аттестацияның бірінші кезеңі, тестілеуден өткен ұстаз портфолио жинауға келгенде сүрінеді.
Ондаған жыл еңбек өтілі бар мұғалімдер үшін біліктілігін бір жапырақ сертификатпен дәлелдеу біршама пікірталас тудырды.
– Бұдан былай мұғалімдерді тестілеу, аттестаттау, әуреге салып портфолио жинату мәселесі қайта қарастырылады. Биылдан бастап мұғалімдер бірінші кезекте өзінің санатын дәлелдеу үшін ешқандай портфолио жинаумен айналыспайтын болады. Өйткені бұл да – жемқорлыққа итермелейтін дүниелер. Ананың туыстары барып жалған сертификат алып алады екен, мынаның туыстары барып орден, медаль барып алады екен. Сөйтіп, ақша төлеп оларды жинайды. Ал ол ешкімге керек емес, – деді Ғани Бейсембаев.
Министрдің айтуынша, аттестация – мұғалімнің жетістігі емес, мұғалімнің табысы оқушының жетістігі арқылы бағалануы керек. Екіншіден, мұғалім қалай сертификат аламын демей, оқушының білімімен айналысуы қажет.
Ал министрлік оқушысы жетістікке жеткен мұғалімдерді сырттай бақылау арқылы автоматты түрде оның категориясын өзі әкеп беруге тиіс еді.
Алайда екі жыл өтсе де, аттестациялауда оң өзгеріс болған жоқ. «Баяғы жартас» сол күйінде. Білім беру саласында қызмет ететін 500 мыңнан астам педагог біліктілік арттыру курстарына қатысып, сертификатын түгендеп әлек болып жүр.
АҚШ-қа барамыз деп алданған
Жақында Qazsaq media group атымен танымал компания Америкада конференция өткіземіз деп ұстаздардың ақшасын алып, алдап кеткен.
Әлеуметтік желіде бұл компанияның жарнамасы жер жарып тұр. Астаналық оқытушы Қарлығаш Дюсупбаева осыдан 8 ай бұрын инстаграмдағы жарнаманың құрығына түскен.
– «Білімдегі жасанды ителлект пен инновациялық әдістер» деген конференцияға қатысуға шақырды. Тіл маманы болсам да оңбай алдандым. Себебі жұмыс істеу жүйелері керемет жасалған. Тақырыбымды қарап, екі-үш күннен кейін жауап берді.
Бірінші тақырып бойынша абстракт сұрады, одан кейін презентация талаптарын жіберді. Бәрі академиялық жазылымға сай. Содан «сіздің тақырыбыңыз қабылданды, тездетіп құжаттарыңыз бен ақшаңызды жіберіңіз» деді.
Сондай-ақ «біз оқытушылар мен мұғалімдерден құралған бірлестікпіз, бізге семинар өткізе аласыз ба?» деп те сұрады. Содан парақшаларын қарадым, көптеген таныс әріптестер тіркеліпті. Телефонмен сөйлесіп, ақшаны 100% төлеп, визаны күттім, – дейді Қарлығаш Дюсупбаева.
Алайда алаяқ компания оқытушыларға қырық өтірік айтып, уақыт соза береді. Тіпті, оқытушының құжаттарын визаға да өткізбеген. Оның айтуынша, конференция 28 шілде мен 4 тамыз аралығында болуы керек еді. Бірақ ондай конференция атымен жоқ болып шыққан. Содан алданғанын сезіп ақшасын талап етеді. Алайда компания директоры Диана Абдукадирова «Qazsaq Media Ғылым және жоғары білім министрі және Оқу-ағарту министрлігімен тығыз байланыста» деп сендірген.
Біз атышулы компанияның ресми сайтына кіріп көрдік. Портфолио толықтыру прайсын 2020 жылы ашық жариялапты. Стандарт пакет 5 500 теңге, ультра пакет 16 600 теңге деп көрсетілген.
Мұның ішіне сертификат, халықаралық диплом, алғысхат, сайтқа сабақ жариялау кіреді екен. «Оқу-ағарту министрі және Qazsaq басшыларының кездесуі өтті» деп министр Ғани Бейсембаевпен түскен суреттерін де сайттарының басты бетіне жариялапты.
Дегенмен суреттің фотошоппен жасалғанын бірден байқауға болады. Компанияның қитұрқылықтары мұнымен таусылған жоқ. Qazsaq Media Group ЖШС мен Еуразиялық Педагогтер одағының негізін қалаушы Медина Рей мен Диана Абдукаримова фамилиясын әртүрлі көрсеткенімен екеуі де Нимаджанқызы.
Яғни, бір үйдің балалары. Мичиган университетіне конференцияға барамыз деп алданған оқытушылар саны қазір – 13. Олар – әр өңірден. Бірі Алматыда болса, енді бірі – Шымкентте. Ақшасын қайтара алмаған ұстаздар ортақ чат та ашыпты.
– Мен инстаграмдағы жарнамадан Нью Йоркта Халықаралық конференция өтетінін көріп, Qazsaq Media Group-қа байланысқа шықтым. Басында бағасы бір адамға 900 мың теңге еді. Кейін баламмен баратындықтан 2 миллион 800 мың теңгені несиеге алып, конференцияға төледім. Бұл қаржыға виза қызметі, конференцияға қатысу, халықаралық деңгейдегі сертификат, екі жаққа авиабилеттер, қонақүй, медициналық сақтандыру кірді, – дейді алданған ұстаз Дариға Абденова.
Оның айтуынша, конференция былтыр шілде, тамыз, қазан айларында өтуі керек еді. Бірақ тек шілде айындағы топ қана барыпты.
Барғандардың да шағымы көп. Ұйымдастырушылар уәде берген талаптарды орындамаған. Мұғалімдер тіпті ондай конференцияға қатыспапты.
– Бастапқыда төлемді толық жасатып алды. Кейін біз визадан өтпей қалғанымызды естідік. Сонда да олар визаның, салықтың, конференция шақыруының ақшасы деп менен 600 мың ұстап қалып, қалғанын бес айда қайтарамыз деген.
Бірақ олар екі айын қайтарды да, қалған айларды қайтармай отыр. Кейбір ұстаздар бір тиынын да қайтара алмады. Мені мазалайтыны – біздің визамыз шықпай тұрып, неге ұйымдастырушылар берген ақшамызды ұстап тастайды?
Қолымызда сөйлескен жазбаларымыз, тікелей Дианаға жіберген ақшаның чегі бар, – дейді мұғалім.
Біз Медина Рейге де хабарласып, мәселенің анығын білуге тырыстық.
Алайда ол нарықта 8 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқандарын, бүгінге дейін әлемнің әртүрлі елдерінде 20-дан астам конференция ұйымдастырып, 1 000 мұғалімді заманауи технологияларға үйреткендерін алға тартты.
– Мұның бәрі мемлекет тарапынан ешқандай қолдаусыз жүзеге асты. 2024 жылы компаниямыз кейбір сенімсіз қызметкерлердің кесірінен қиын жағдайға тап болды. Сату бөлімінің басшысы өз тобымен бірге біздің конференцияларды негізсіз мұғалімдерге сатқан. Нәтижесінде, ақша үшінші тарапқа түсіп отырған. Осының салдарынан біздің компания үлкен шығынға ұшырады. Ал конференцияға ақша төлеген мұғалімдер біз тіпті көрмеген қаражатты қайтаруды талап етіп отыр, – деді Медина Рей.
Сондай-ақ оның айтуынша, АҚШ конференциясына шілде айында мұғалімдерді алып барғанда, Нью-Йоркте ешқандай конференция жоспарланбағаны белгілі болған. Осылайша, олар алаяқ серіктестеріне алданып қалыпты-мыс.
Алаяқтар заңды аттап үйренген
Заңгер Әлімжан Жұбатқановтың айтуынша, алданған мұғалімдер ақшасын сотпен қайтарып ала алады. Ол үшін олардың қолында жауапкердің ЖСН нөмірі, мекенжайы, байланыс нөмірі болуы керек.
Бірақ ондай алаяқтар өз аттарына үй де, машина да тіркемейді. Сот шешімі шықса, олардың банктегі есепшоттары бұғатталып, шетелге шығуына тыйым салынады.
Алаяқтың қылмыстық кодекстің 190-бабы деп көрсетілген, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімге теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену ірі мөлшерде, адамдар тобының алдын ала сөз байланысуымен, ақпараттық жүйені пайдаланушының алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалса мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Егер де қылмыстық топ әрі аса ірі мөлшерде жасалса, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
– Білім саласындағыларға арналған байқаулар мен конференциялардың жарнамасына мұғалімдердің алданып қалып жатқаны рас. Оқу семинардың бағдарламасын, келісімшартын ұстаздарға жіберіп, «сертификат береміз» деп сенімдеріне кіреді.
Ондай ұйымдар өз мекенжайларын ірі қалалардың картасынан көрсетіп қояды. Бірақ мұғалімдер ол жерге барып қараса, ондай ұйымды таппайды. Ал байқауды ұйымдастырғандар телефондарын өшіріп, қашып жүреді. Міне, осындай оқиға алаяқтық белгілеріне жатады, – дейді заңгер.
Ал мұғалімдер құқық қорғау органдарына арыз жазса, бұл азаматтық тәртіп бойынша қаралады. Себебі оқытушы мен ұйым арасында келісімшарт, ақша аудару туралы анықтама бар. Бірақ көп жағдайда тергеу органдары «мына істі қарауға негіз жоқ. Ортада келісімшарттары бар» деп басын ауыртпай, істі қайтарып жібереді.
– Мұндай оқиға көп. Мұғалімдерді шетелде оқытамыз, біліктілігін арттырамыз дейтін алаяқтар жалған келісімшарт жасаса, сот тергеушілерінің қабылдамайтынын, мекенжайларын таба алмайтынын біліп алған. Сыпайы түрде, мұндай адамдарды сот процесінің барлық қыр-сырын біліп алған алаяқтар деп айтсақ болады. Басында сөйлескенде мұғалімдердің сеніміне кіріп алады да, соңында ақшасын да қайтармай, сертификатын да бермей кетеді. Тергеу ісінің тоқтағанын білгеннен кейін жәбірленуші заңгер жалдап, сотқа беріп, оның нәтижесін бірнеше ай күтуге ерінеді де көп істі аяқсыз қалдырады, – дейді адвокат.
Әлімжан Жұбатқановтың пікірінше, Ішкі істер министрлігі, Прокуратура мұндай іске мән беріп қарауы керек. Егер алаяқтар бір рет болсын заң алдында жазаланса, білім саласында күмәнді байқаулар мен семинарлар болмаушы еді.
Азаматтық тәртіппен қаралғаннан кейін осындай алаяқтық істер соңына дейін тергелмей жатыр. Алаяқтар оқытушыларды алдауды басынан бастап жоспарлаған, ниеттері де алдауға бағытталған.
Сондықтан қылмысқа алдын ала дайындалғандықтан мұндай істі Азаматтық тәртіппен қарау жеткіліксіз. Алданған мұғалімдер арыз жазса, алаяқ ұйымдарды жалған жарнамасы үшін, алаяқтығы үшін бірнеше баппен жазалауға болар еді.
Айта кету керек, «Жарнама туралы» заңның 20-бабына сәйкес жарнама таратушы заң талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік, қылмыстық жауапкершіліктер көзделген.
Бекітілген тізімге мән бермейді
Педагогтер тарапынан сертификат алып, портфолио жинауға сұраныс көп болғандықтан, ұсыныстар да толастамайтыны анық.
Сертификат сатып, курс өткізуді бизнеске айналдырғалы да ұзақ жыл болды. 2020 жылы Оқу ағарту министрлігі жемқорлықтың алдын алу үшін сенімді курс тізімін №95 бұйрықта бекітті. Тіпті, сертификаттың жарамды яки жарамсыз екенін Ұлттық білім беру деректер базасынан да тексеруге болады.
– Мұғалімдердің уатсап группаларында жеке ұйымдардың байқауға, конференцияларға шақырған жарнамалары толып жүр. Олардың заңсыз екенін біле тұра құзырлы органдардың ондай жарнамаға неге тыйым салмайтынын түсінбеймін. Тіпті, 2020 жылы квалификацияға жарамды алғысхаттар мен сертификаттардың тізімі министрлікпен арнайы бекітілген, – дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы.
Сонда да бұл тізімде жоқ байқауларға мұғалімдер қатысуын қояр емес. Бұл – ең бірінші, ұстаздардың сауатсыздығы.
– Мен – Шымкент қаласында ашылған жайлы мектептің бірінде маман қабылдау комиссиясының төрағасымын. Сол оқу орнына құжат тапсырғандар арасында жарамсыз сертификаттар мен алғысхат өткізгендер өте көп. Тіпті, директордың орынбасарлығына өзін ұсынған педагогтер де осы қателікті қайталап, комиссия мүшелерінің уақытын алып отыр. Бұл мәселені құзырлы органдар қолға алмаса үлкен мәселеге айналатыны анық, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Айта кету керек, бірнеше жыл бұрын «Ұлт ұстазы» деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып алған мұғалімдердің сертификаты ғаламтор бетін шарлап кеткен еді.
Арзан атақ тарататын алаяқ ұйымдардың аяғына тұсау салатын, сертификат алу мұғалім үшін ар мен ұяттан биік тұртатын күннің қашан туары бәрімізге белгісіз.
Дереккөз: Aikyn.kz.