Алматыдағы «Ахляқ» балабақша иесі мәлімдеме жасады

Алматыдағы «Ахляқ» балабақшасының қожайыны әлеуметтік желіде өзіне қарсы ақпараттық шабуыл басталғанын мәлімдеді.
Бұл мәлімдеме балабақшада болған жантүршігерлік оқиға қоғамда қызу талқыланғаннан кейін жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еске сала кетейік, осы балабақшада тәрбиеші бүлдіршінді тұншықтырып, тепкен. Сол сәтте бөлмеде тағы екі қызметкер болғанымен, олар жағдайға мән бермей шай ішіп отырған.
CMN хабарлауынша, балабақша қожайыны Әмина Юсупбаева тергеу басталғаннан кейін әлеуметтік желідегі барлық аккаунттарын жауып, тек өзіне оң пікірлер қалдыруға болатын бір парақшаны ғана ашық қалдырған.
«Тергеу барысында барлық аккаунттарымды жабуға тура келді. Айтар сөзім жоқ болғандықтан үнсіз отырған жоқпын, жай ғана алгоритмдер іске қосылып, ақпараттық қысым басталғанын көріп тұрмын. Қазір әр сөзім бұрмаланып жатыр», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасуда.