Мұражайларымыз ескі сарында қалып кеткен дейді депутат

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында Қазақстан мұражайларының жаңа концепциясын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фракция мүшелері Үкіметке халқымыздың мәдени мұрасын, тарихи жәдігерлерін сақтау, оларды көпшілікке насихаттап отырған мұражайлардың жай-күйі туралы депутаттық сауал жолдады.
«Біз әрдайым тарихымыз терең, мәдени мұрамыз бай елміз деп ауыз толтырып айтамыз. Әрине, ол негізсіз емес. Алайда сол бай тарихи-мәдени мұраны сақтауда, оны ұрпақ игілігіне жаратуда, зерттеп-зерделеп, насихаттауда тиянақтылық танытып жүрміз бе?! Өкінішке қарай, бұл тұста олқылықтар жетерлік. Ұзаққа бармай-ақ таяуда ғана Қаратаудағы әйгілі тарихи ескерткіш – «Ақбикеш мұнарасының» опырылып құлауын айтсақ болады. Бұл мәселе баспасөз құралдарында, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Осы тарихи ескерткіш қайта жаңғыртылып, мемлекет меншігіне алынған екен. Алайда жаңғырту жұмыстарының сапасыз жүргізілуі, күтіп-баптау ісінің дұрыс ұйымдастырылмауы ескерткіштің қирауына әкеліп отыр. Сондықтан тиісті мекеме бұған шұғыл назар аударып, қайта қалпына келтіруді қолға алуы қажет деп санаймыз», — деді Болат Керімбек.
Оның айтуынша, бұл жағдай еліміздегі басқа тарихи нысандардың да жай-күйіне қатысты алаңдаушылық туғызуда. Сондықтан жауапты министрлік байтақ даламыздың түкпір-түкпіріндегі бүкіл тарихи объектігебақылау жасап, олардың талапқа сай екендігін тексеруі қажет. Бұл ретте, шет елдердегі тарихи мұраларымызды да назардан тыс қалдырмаған абзал.
«Мұны былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысының өзі «Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек. Тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейткен жөн», – деп шегелеп тұрып тапсырған еді. Президент тапсырмасы нақты орындалуы тиіс. Бұл ретте, жалпы еліміздегі мұражайлардың концепциясын қайта қараған жөн. Олардың көпшілігі әлі кеңестік кезеңдегі көзқарастан арылмаған. Қазіргі заман талабын ескеріп, осы саладағы әлемдік озық тәжірибелерді назарға алып, Қазақстан мұражайларының жаңа концепциясын тұжырымдау – маңызды іс», — деп санайды депутат.
Ол қазір мемлекет тарапынан жеке музейлердің дамуына қолдау көрсету, коллекционерлер мен өнер адамдарының музей ашуын ынталандыру тетіктерін де ойластыру уақыт талабы екенін атап өтті.
«Мәселен, белгілі тарихшы ғалым, профессор Жамбыл Артықбаевтың Щучинск қаласынан ашқан жеке музейі қолдауға тұрарлық. Сол секілді Астана қаласында әйгілі зергер Берік Әлібайдың өз үйінде ашқан музейі экспонаттар қорының молдығымен ерекшеленеді. Алайда орынның тарлығынан құнды жәдігерлер тығыз орналастырылып, картиналар қатар-қатар қаланып, келушілердің еркін тамашалауына мүмкіндігі аз болып тұр. Біз жеке музейлердің бірқатарын ғана атап өттік. Еліміздің түкпір-түкпірінде мұндай жеке музейлер немесе музей ашуға талпынып жүрген коллекционерлер бар екені анық. Тиісті мемлекеттік ұйым тарапынан осыған қатысты жүйелі жұмыс жүргізу – заман талабы», — деп жалғастырды сөзін мәжілісмен.
Болат Керімбектің айтуынша, жеке музейлерді қолдаудың арқасында көрші Ресейдің бір ғана Санкт-Петербург қаласында 110-нан астам, Мәскеуде 450 музей жұмыс істеп тұр.
Сондай-ақ депутат жұмыс істеп тұрған мұражайлар мен орталықтардың құрамында балаларға арналған бірде-бір ғылыми-техникалық мұражай жоқ екенін айтты.
«Балаларға арналған ғылыми орталық құру балалардың ерте жаста әртүрлі табиғат құбылыстарын түсіндіруді қамтитын сұрақтарға жауап алуына ықпал ете алар еді. Орталық 2-16 жас аралығындағы балаларға арналып және оның құрамына инженерия, робототехника, инновация, физика, математика және тағы басқа зертханалар кіруі мүмкін», — дейді ол.
Айтуынша, мұндай орталықтар барлық дамыған елде бар. Балаларға арналған ғылым орталығы STEAM (science, technology, engineering, arts, and mathematics) біліміне ерекше көңіл бөледі деп жоспарлануда. Бес пәннің әрқайсысын бөлек оқудың орнына, STEAM оларды бір оқу жоспарына біріктіреді. Оқушыларға ғылыми әдістердің күнделікті өмірде қалай қолданылатыны тәжірибе жүзінде көрсетіледі.
«Мемлекет басшысы жер қойнауын пайдаланушыларға ғылым мен техниканы дамытуға кірістің 1 пайызын аудару туралы заңнама талаптарын сақтау қажеттігін айтты. Бұл қаражатты Балаларға арналған ғылыми орталықты қаржыландыру көздерінің бірі ретінде қарастыруға болады», — дейді Болат Керімбек.
Осыған байланысты депутаттар Үкіметке бірнеше ұсыныс тастады:
- «Ақбикеш мұнарасын қайта қалпына келтіріп, еліміздің бүкіл тарихи-мәдени ескерткішінің жай-күйіне тексеру жүргізу;
- білікті мамандардың қатысуымен Қазақстан мұражайларының жаңа концепциясын әзірлеп, қолданысқа енгізу;
- жеке мұражайлар ашу тәртібін нақтылап, есебін жүргізіп, оларға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін тұжырымдап, іске асыру;
- мұражайлар жанында балаларға арналған ғылыми-техникалық орталықтың қаржыландыру көзін және орналасатын жерін анықтау мәселесін пысықтау;
- жеке коллекциядағы жәдігерлерді сату, оларды шекарадан шығару кезінде мемлекетке бірінші кезекте оны сатып алу құқығы беретін нормалар мен механизмдерді заңға енгізу;
- елімізден шет елдерге шығарылған тарихи-мәдени жәдігерлерді қайтару бойынша жұмыс жүргізу және тіпті оларды қайтару мүмкін болмаған жағдайда, олар бойынша мәліметтерді жинақтап, арнайы ортақ реестр жасау.