Министрлік заңды белден басып, Президенттің саясатына қарсы шығып отыр ма?

0
685

Танымал зерттеуші журналист Ораз Әлімбеков өзінің парақшасында кезекті зерттеу жазбасын жариялады деп жазады Democrat.kz.

«Қазақстан экономикасын дамыту үшін қанша молда керек? «Елім дегенде Ұрымды, халқым дегенде Қырымды» күңірентетін патриоттарға арнаймын!» деген Ораз Әлімбеков

қоғам белсендісі Әсел Таухан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа бергенін, бұл соттың қоғам үшін, ел бюджеті үшін аса маңызды екенін тарқатып жазды.

«Кеше соттың бірінші отырысы өтті. Сотқа берудегі себеп —  министрлік «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдени университетіне» білім гранттарын бөліп отыр.

Заң бойынша, «дін мемлекеттен бөлек», Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы(ҚМДБ) — мемлекеттік емес қоғамдық ұйым, осы сияқты әрбір діни ұйым өзіне қажет маманды өзі дайындап алуы тиіс.

Министрліктің «Нұр-Мүбарак» университетіне жыл сайын миллардтаған теңге бөліп қаржыландыруы ҚР Конституциясындағы наным-сенім бостандығына қатысты заң алдындағы азаматтардың теңдігі принципін бұзады.

Екіншіден, министрлік мүфтиятқа ғана қажет дін қызметкерлер үшін бюджеттен білім гранттарын бөлу арқылы ҚМДБ-дан басқа конфессияларды алалап, Қылмыстық Кодекстің 174-бабында көрсетілген діни алауыздықты қоздыратын әрекетке барып отыр.

Үшіншіден, министрліктің осы қылығы — Конституцияның мүлтіксіз орындалуына кепілдік беретін Президенттің экономикалық-әлеуметтік-мәдени саясатына қайшы.

Экономиканың қозғаушы күші – білімді әрі білікті маман. Сондықтан да президент Қ.Тоқаев «2025 — жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

Үкімет те жыл сайын краншы, сантехник, дәнекерлеуші, электрик, шахтер, монтер, бұрғылаушы секілді техникалық мамандардың тапшы екенін айтып келеді.

Ақорда жақтан «экономиканы дамытуға мыңдаған молда жетпей тұр» деген сөзді естімеппін…

Әрине, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берген Әсел Тауханның бір ғана талабы бар: «Нұр-Мүбаракқа» Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы бөлінген қаржыны бюджетке қайтару.

Әзірге, «Нұр-Мүбарактың» бюджеттен қанша қаржы алғаны туралы мәлімет түгел емес. Журналистік зерттеу нәтижесінде, 2023 жылы бөлінген бюджет қаржысы ғана анықталды, ол – 1,6 млд теңге жуық ақша, ал 2022 жылдың мәліметі түгел емес (төменде тұрған суретті қараңыз).

Басқа жылдардың мәліметін жасырып қойған ба, білмеймін, табылмады. Министрлікке «Нұр-Мүбаракқа» бөлінген бюджет қаржысы қанша?» деген сұрақ әлдеқашан жолданған, бірақ министрлік жауап бермей сөзбұйда қылып жүр.

Сондықтан азаматтық белсенді Әсел Таухан министрлікті сотқа беріп, «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне заңсыз бөлінген бюджет қаржысын қазынаға қайтармақшы.

«Қайтқан малдың қайыры бар», өйткені Қазақстан қазір орасан зор бюджет тапшылығына тап болды. Бұл жалғасты процесті Әсел Таухан мәресіне жеткізеді деп сенейік… Достар, мен төменде айтылатын мәселеге ерекше назар аударуды сұраймын.

Бюджет қаржысы «Нұр-Мүбаракқа» ғана емес, ҚМДБ-ға бағынышты 9 медресеге де бөлініп келеді. Бюджеттің қыруар қаржысы орта білім саласына жауапты Оқу-ағарту министрлігінің аймақтағы басқармалары арқылы білім гранты түрінде берілген.

Сондықтан, Әсел Таухан секілді «елім» деген, халықтың қамын ойлайтын белсенді азамат өзі тұратын облыстағы білім басқармасын сотқа беріп, медресеге заңсыз бөлінген бюджет қаржысын қайтаратын қайырлы іс жасаса екен.

Мен қай облыстың бюджет қаржысын қандай медрсеге бергені жөніндегі мәліметті жинақтап ұсынып отырам.

Олай болса, кеттік! Алматы қаласынан бастаймыз. Мұнда ҚМДБ-ның «Әбу Ханифа медресесі» орналасқан. Алматы қаласы білім беру басқармасының осы медресеге берген қаржысының скринін коммент алаңына салдым.

Әзірге тапқаным 234 млн-дай теңге. Тексерсе, тағы да жүздеген млн табылады. Басқарманы сотқа беретін азамат маған хабарлассын, қажет құжаттарды табуға көмектесем» деп жазды журналист Facebook  парақшасында.

Бюджет тапшылығы туралы бүкіл биік мінберлерден күнде айтылып жатыр. Тіпті кей сарапшылар бұлай кете берсе, алдағы уақытта бұл тапшылық орнын толтыру үшін дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын қысқартуы мүмкін деген болжам да жасауда.

Мұғалім мен дәрігердің маңдай терімен атқарған еңбегінің ақысын қысқартқанша, діни оқу орындарына оңды-солды беріліп жатқан миллиондарды қайтарса, елге де, жұртқа да пайдасы болмай ма? Қалай ойлайсыз?

Бұл сұраққа ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек пен Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев не деп жауап берер екен?

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін.