Дулат Исабеков соңғы сәтінде де елдің сөзін айтып еді…

0
447

Түнмен таласып қабырға қайыстырар суық хабар жетті. Қазақтың біртуар перзенті Дулат Исабеков ағамыз өмірден өтіпті.

Дулат аға туралы өткен шақта жазу соншалықты қиын екенін енді ғана жан жүрегіммен сезініп отырмын.

Оның қазақ руханияты үшін орны ерекше еді. Миллиондаған оқырманының бірі әрі айрықша сыйласқан рухани інісі ретінде мен үшін оның орны тіпті бөлек еді.

Дулат Исабеков қазақ әдебиетіне ерекше құбылыс болып келді. Шын мәнінде шоқтығы биік шығармалар жазып, қалың оқырманның жүрегіне жол тапты.

Оның қаламынан шыққан әрбір туынды жұртшылық іздеп жүріп оқитын классикалық дүниеге айналды. Біз әйгілі қаламгердің әрбір шығармасын жастана оқып өстік.

Дулат Исабековтың «Қарғын» романы – төл әдебиетімізді дамытуға ерекше ықпал еткен туынды. Сондай-ақ, оның «Гауһар тас» повесі – қазақ оқырманы ең көп оқыған шығарманың бірі.

Әйгілі повестің негізінде түсірілген фильм қазақ киносының алтын қорына қосылған құнды қазынаға айналды. Елу жылдан астам уақыт бұрын жазылған осы шығарманың желісінде Астана қаласының Музыкалық жас көрермендер театры қойған спектакль екі жылдан бері аншлагпен өтіп келеді.

Мұның өзі жазушы шығармаларының арада қанша жыл өтсе де өміршеңдігін жоймайтынын айқын көрсетеді.

Мен Дулат ағамен жақын араластым, сыйлас інісі болдым. Біз үнемі кездесіп, түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құратынбыз.

Ағамыз айықпас сырқатқа шалдығып, соңғы кезде хәлі тіпті ауырлап кетті. Әлсін-әлсін хабарласып, хал-жағдайын сұрап қоятынмын. Өткен аптада аяқ астынан ағадан хат алдым.

Өзінің жағдайы төмендегенін сезген-ау, «Енді көріспеспіз, ағалығымды арқаланып артық кеткен кездерім болса кеш» деген сарында жазыпты. Дүйсенбі күні таң ата Алматыға ұштым. Тура ағаның үйіне тарттым.

Дулат аға қиналып жатыр екен, бірақ қазақтың қаранары сыр білдірмеуге тырысты. Неғып суыт жүрсің деп, әдеттегідей әзілдей қарсы алды. Хал үстінде жатқанына қарамастан еңсесін түсірген жоқ.

Жанын жегідей жеген дертін емес, елдің сөзін айтты. Өзі ерекше сүйген қазағының ертеңіне, мына алмағайып замандағы мемлекетінің болашағына қатысты ойларын жеткізді. Ара-тұра сәл кідіріп, терең тыныстап алып, туған елі туралы айтқан сөздерін ағаның бізге, кейінгі ұрпаққа қалдырып жатқан аманаты, өсиеті деп қабылдадым.

Жанынан жібергісі келмесе де, «Жұмысың көп қой, жолыңнан қалма» деп, менің қамымды ойлап жатты. Ал, мен қанша қимасам да ағаның асыл жаны қиналып қалмасын деп, амалсыз кеттім.

Шынымды айтсам, қоштасуға барғанымды біліп тұрғанмен, онымен қоштаса алмадым, дұрысы, қоштасқым келмеді. Әлі де жанымызда жүре тұрғанын қаладым. Біз, бір-екі аптадан кейін тағы да кездесіп, әңгімелесетін болып келістік. Бірақ, келесі кездесуді жазбапты…

Қазақ руханияты үшін жаңа жыл оңай болған жоқ. Қаңтарда Мұхтар Мағауин, ақпанда Дулат Исабеков… алыптар ақырындап кетіп жатыр. Асқар таулардың қатары сиреп, тұтас дәуірлер көшіп жатыр. Қолдан келетін қайран жоқ, Алланың әміріне амал жоқ.

Қазақтан сөз артылған ба? Өшпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ. Дулат ағаның отбасына, жақындарына қайғыра көңіл айтамын! Ағамызға Алла иманның байлығын берсін! Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Жаратушы иеміз қалған қазаққа ұзақ ғұмыр, берекет берсін!

Бақұл болыңыз, асыл аға!

Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан.