Әлімхан Ермековтің атын арқалаған «кішкентай калькулятор» бала жұртты таңғалдырды

0
205

Қарағандылық 6 жасар Әлімхан Ермековты жақындары мен ұстаздары «Кішкентай калькулятор» деп атайды. Ерекше зейінді бала есепке жүйрік, деп хабарлайды 24.KZ.

Әлімхан бірінші сыныпқа келген кезде-ақ қосу, алу, көбейту мен бөлу ережесін жатқа білген. Есептен жаңылыспаған баланың ерекше зердесіне ұстаздары таңғалған.

«Ол дайын бала болып келді. Оқи алатын, сандарды қоса алатын, тіпті көп таңбалы сандарды бір-біріне қосып, алатын бала болды. Әлімхан сен мұны қайдан білесің десем, Көркем деген әпкем бар, соған сабақ айтып жатқанда мен оны құлағыма құйып отырамын деді. Бұдан түйген ойым, менің оқушым Мағжан Жұмабаев сияқты ағасына оқытқан білімді санасына түйіп отыр ғой», — дейді Абай атындағы № 104 мектеп-гимназияның ұстазы Риза Әбдіғали.

Ата-анасы Әлімханның алғырлығын екі жасында байқаған. Ол көргені мен естігенін сол кездің өзінде есте сақтай алған.

Бұл ерекшелігін аңғарған әкесі Дидар Әлімбеков ұлын одан әрі дамытуға күш салған.

«Көбіне көліктердің нөмірін сұрайтынбыз. Мынау қай нөмір деп, тоқтамай тез айту керек болатын. Ең бірінші үйренгені қосу болды. Екіге екі, төртке төрт, сегізге сегіз, солай бірдей сандарды қосып, сонымен барып үйренді», — дейді Әлімханның әкесі Дидар Әлімбеков.

Тұңғыш қазақ математигі, ұлт зиялысы Әлімхан Ермековтың есімін арқалаған немересінен атасы да зор үміт күтеді.

«Негізі менің өзімнің шешем есепке жүйрік болды. Әлімханның әкесі мектепте оқып жүргенде оған мұғалімдері үлкен класстың есептерін шығартатын. Бұған енді атының да әсері бар ма деп те ойлаймыз. Соған кір келтірмей, үлкен азамат болса дейміз», — дейді Әлімханның атасы Ермек Әлімбеков.

Балақай әлем елдерінің астанасын да жатқа біледі. Шахмат, тоғыз құмалақты да шебер ойнайды. Қазір ол шет тілдерін оқып жүр. Ата-анасы ұлының 7 тіл білген белгілі қайраткер Әлімхан Ермеков сияқты болғанын қалайды.