Министр Ғани ағай, «қызыл дипломды» мұғалімнің Астанада еден жуып, күнелтіп жүргені қалай?

0
3011

Редакциямызға арнайы хабарласқан астаналық мұғалім Гүлмира Чукина әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін, ол аздай, тәжірибелі ұстаз, «үздік дипломы» барына қарамастан, мектепке жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтты. 

Гүлмира Оралқызы — Астанадағы №97 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің бұрынғы мұғалімі, Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің Астана қалалық ассоциациясының бұрынғы мүшесі.
«Мектепте 10 жылдық жұмыс өтілі бар дипломды педагогпын, «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, логопед, арнайы білім беру педагогы және ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша магистр және бакалавр дәрежесіне иемін.
Бірақ балаларды оқыту орнына, мен қазір еден жуып, күнелтіп жүрмін.
Оқушыларды үйірме жетекшісінің бопсалауынан қорғауға тырысқаным үшін жұмыстан шығарылдым.
Соттар мені қызметіме қайта орналастырмады, мемлекеттік органдар өтініштерімді елемейді, ал мектептер жұмысқа алудан бас тартуда», — деген Гүлмира Оралқызы Астанада ашпаған есігі қалмағанын айтады.

«Даудың басы» қалай басталды?

5 сынып жетекшілігін атқарған Гүлмира Оралқызына сыныптағы оқушы қыздары «Актерлік шеберлік» үйірме жетекшісі әдепсіз сөздер айтып, интимді тақырыпта әңгімелер айтқанын жеткізген.
Сондай-ақ оқушы қыздардың ата-аналары осы мәселеге қатысты мектеп басшылығына шағымданып, жазбаша түрде арыз да түсіреді. Әйтсе де, мектеп басшылығы тарапынан тиісті шара қолданылмай, бұл мәселе туралы Гүлмира Оралқызы Facebook әлеуметтік парақшасында жазба жариялайды.
Осы жазбасынан кейін мектеп әкімшілігі тарапынан қысымға ұшыраған мұғалімді жұмыстан кетірудің барлық тетіктері іске қосылған сыңайлы…
Мұғалім Гүлмира Оралқызы ауырып, мектепке келмеген күні оның сынып бөлмесіне «тінту-тексеру» жұмыстары жүргізіліп, мұғалімнің шкафынан шүберектер мен шұлық «тауып алады».
Гүлмира Оралқызының еңбек кітапшасына «аморальдық тәртібі үшін» деген белгі осы шүберектер мен шұлық майлы мөр болып басылыпты.
Гүлмира Оралқызымен сұхбат барысында және құжаттарын зерделеу кезінде түсінгеніміз — Астанамыз «шымкентскийлерді» басып озған сияқты.
Бұрын ауыз жаласқан, тамыр-таныстық, жемқорлық, сатылғыштық, парақорлық, сатқындық сынды жағдайлардың басым бөлігі еліміздің оңтүстік өңірінде «болады» дейтін қоғамдық түсінік бар еді.
Сөйтсек, Астанада қуғынға, қысымға түскен кісіңіз әділдік деген сөздің «ә» деген әрпін де көре алмайтын сияқты ғой?! Не сұмдық мынау?
«Оқушы қыздарымның сөзін сөйлеймін деп, сотқа да тартылдым. Әлеуметтік желіге жазған жазбам үшін мектеп басшысы сотқа берді. Ол аздай, 5 сыныптың қыздарына интимдік әңгіме айтқан үйірме жетекшісі «ар-намысымды таптады» деп сотқа берді. Үйірме жетекшісінің кінәсін мойындағаны туралы видео бір ата-ананың қолында еді. Ата-ана сол видеоны өшіріп тастаған. Міне, сол сәттен бастап, әлгі үйірме жетекшісі мені сотқа сүйреуді бастады. Оқу ағарту министрлігіне, «Аманат» партиясына, Антикорға, Кәсіподақ ұйымына, Білім басқармасына бардым көмек сұрап. Ешбірінен қайыр болмады. Барлығы тыңдаған сыңай танытады, бірақ естімейді», — деген Гүлмира Оралқызы сондай-ақ жұмыс сұрап астаналық мектептердің есігін де қағыпты.
Өкінішке қарай, өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаймын деген ұстазды жұмысқа алуға мектеп директорлары құлық танытпай отыр.
«Еңбек кітапшамдағы «аморальдық тәртібі үшін» деген жазба заң бойынша жұмысқа тұруыма кедергі болмауға тиіс» деген Гүлмира Оралқызын жұмысқа алуға басқа не кедергі болуы мүмкін?
Бұрынғы мектеп директорының құдіреті ме, әлде «астаналық жүйені» қалыптастырған пенделердің әрекеті ме? Министр Ғани Бейсембаев әр сөзінде «Мұғалімдерді әрқашан қорғауға дайынмын!» дейді.
Олай болса,  Democrat.kz. ресми ақпараттық құралы атынан Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа «бұл қалай?» деген бір ауыз сұрауымызды әзірге осы жерден жолдаймыз.
P.S. Гүлмира Оралқызының құжаттарына сүйеніп, Оқу ағарту министрлігінің  кейбір өкілдерінің өрескел әрекеттері туралы мақала дайындалуда. Тұмсығының астында болып жатқан заңсыздыққа көз жұмып отырған білдей министрліктің дардай бөлімін басқарып отырғандар туралы келесі мақаламыздан оқисыздар.
Дайындаған — Меруерт ХУСАИНОВА.
Фото көрнекілік үшін.