Украина мен АҚШ пайдалы қазбаларға қатысты келісімге қол қойды

0
274

Украина министрлер кабинеті АҚШ-пен пайдалы қазбаларға қатысты келісімді мақұлдады. Министрлер кабинетінің басшысы келісімнің жаңа редакциясында 500 миллиард доллар қарыз туралы айтылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды УНИАН-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль үкімет отырысында мәлімдегендей, Украина мен АҚШ арасындағы қол қоюға дайындалып жатқан Қалпына келтіру инвестициялар қорын құру туралы болашақ келісімде алты негізгі ұстаным болады.

Украина премьер-министрінің айтуынша, бұл келісімде «бұдан былай 500 миллиард доллар немесе кез келген басқа қарыз туралы әңгіме жоқ, Украина жаңа көмектің әрбір доллары үшін екі доллар беруі керек деген әділетсіз тармақ та жоқ, қор тек Америкаға тиесілі болады деген әділетсіз ұстанымдар да жоқ». «Енді әңгіме қорды Украина мен Америка бірлесіп иеленетіні турасында болып отыр», — деп түсіндірді Шмыгаль.

Оның айтуынша, келісімде Украина үшін тиімді алты негізгі ұстаным бар: Украина мен Америка Құрама Штаттары екі елдің үкіметтері бірлесіп иеленетін және басқаратын қалпына келтіру инвестициялық қорын құруда.

Украинаның минералды ресурстары мен қазба байлығы Украинаға тиесілі болып қала береді, олар Америка Құрама Штаттарының немесе басқа елдің меншігіне берілмейді. Украина табиғи ресурстардан түсетін болашақ табыстың 50 пайызын қорға аударады.

Америка Құрама Штаттары қорға қаражат, қаржы құралдары және Украинаны қалпына келтіру үшін маңызды басқа да активтер түрінде жарналар жасайды.

Қор жинаған қаражат тек Украинаны қалпына келтіру жобаларына салынады. Шмыгальдың айтуынша, бұл қор украиналықтардың болашақ ұрпақтарына арналмақ.

Келісімде Украинаның еуропалық интеграциялық үдеріс аясындағы міндеттемелері ескерілген. Шмыгальдың айтуынша, Украинаның еуроинтеграциялық міндеттемелеріне қатысты қайшылықтар болмайды.

«Осылайша, келісімге қол қою нәтижесінде Украина екі есе пайдаға кенеліп отыр. Біз Украинаны қалпына келтіруге америкалық инвестициялар мен технологияларды тартамыз және әрбір украиналық ер мен әйелдің әл-ауқаты үшін стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға ресурстар жинаймыз», — деп қорытындылады Шмыгаль.

Ол Украина министрлер кабинеті бүгінде келісімге қол қою үшін қажетті шешімдерді қабылдап жатқанын мәлімдеді.