Наурыз мейрамын тойлау діннің беделін түсіре ме?

0
266

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының экс-бас ғылыми қызметкері, философия ғылымының кандидаты Жанат Момынқұловтың жазбасы желіде дау тудырды.

Ол ораза уақытында Наурыз мерекесін тойлауды құптамады. Тіптен былтырғы су тақсыны ораза уақытында ұлттық нақышта киініп, ұлттық мерекені қатты тойлаудың кесірінен болды дегенге саятын жазба қалдырды. Оның бұл жазбасы қатал сынға ұшырады, деп хабарлайды Todayinfo.

Мемлекеттік лауазымды тұлға бола тұра, Момынқұлов елдің идеологтарына кінә артты.

«Былтыр да бір идеологтар Наурызды Оразаға қарсы қойған. Ораза кезінде Ұлттық киім флешмобын, пәленбай күн тойлаймыз деп истерия көтеріп, оразамен жарысып еді.. қатты тойлады, әрбір күнге түсініксіз шара ойлап табылды. Діннің беделін түсіру арқылы Ұлтшылдықты көтеру», — деп жазды ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бас ғылыми қызметкері.

Ол бұл жазбасын белгілі журналист Айбар Олжаевтың мәлімдемесінен соң шығарды. Бұған дейін Айбар Олжаев Наурыз мерекесі діннен, яғни оразадан жоғары деген еді. Ол ораза құлдардың, Наурыз көк түріктердің, яғни еркін халықтың мейрамы деп мәлімдеді. Ал саясаткер бұл жазбаны провокация деп бағалады.

«Ораза круче или Наурыз? Діни тақырыпта провокация жасау қауіпті. Қазақ пен Исламды қарсы қою. Құдай бар шығар, иә? Аяғы трагедия болды. Былтыр Наурыз тойлар кезде естеріңде ме, eліміздің батысы мен солтүстігін су апаты басты. Берекеміз кетіп, Ұлыстың Ұлы күнін тойлай алмадық жөнді. Екі мерекені қарсы қою жұртты бөлу тұрғысынан қауіпті, салыстыру дұрыс емес. Қазекеңдер араздасып, бір-біріне суып, бірлігі азаяды. Әрбір мерекенің өз мәдени-әлеуметтік орны бар. Рамазан айы — рухани еркіндік айы. Наурыз — Зороастризм заманынан келе жатқан байырғы мейрамымыз. Биыл екеуі тура тұспа-тұс кеп тұр. Қатты кетпеуге шақырамын», — деді Момынұлов.

Алайда қоғам өкілдері философтың ойымен келіспей, қарсы шықты.

«Ауғанстан емес, Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Діни диктатура жасау деген тас дәуірінің әңгімесі ғой. Сосын былтыр Наурыз тойлаймыз дегеніміз үшін Алла жазалады деген пікіріңіз енді тіпті… Қатты саясиландырудың, саяси астар іздеудің керегі жоқ. Ұлттың тіліне, тарихына имамсымақтар қарсы шығып жатқанда үнсіз қалып едіңіз…», — деп жауап қатты журналист Ержан Төлек.

Ғалыми қызметкер бола тұра су тасқыны ұлттық нақышта киім киюдің кесірінен болды деп жазған Момынқұловты желі оқырмандары аямай сынға алып жатыр.

«Сонда ұлттық киім киіп флешмоб өткіздік деп Алла жазаландырды ма?!», «Геология деген үлкен ғылым бар ғой. Былтыр жалпы әлем бойынша сел болды. “Ұлттық киімге арналған флешмоб жасады” деп жазалайтын Алла қандай Алла ол? Флешмоб жасасақ, өз ұлтымыздың киімін дәріптедік. Бұл өте тамаша жағдай. Ал, адамдардың тәртібі, davranışı, ниеті бұзылды деп Алла жазалады деген долбар,  қиыспай қалды» деп жазды оқырмандар.