Қазақстанда отырып, Трамптың әр қадамына қуанудың қажеті бар ма?

0
42

Өткендегі әңгіменің тәпсірі. АҚШ-та президент отырысы дұғамен басталғанын көрсетіп, «зайырлы батыста осылай» деп жатқан достарым бар екен.

Біріншіден, Трамптың Америкасы зайырлы да, демократ та болғысы келмейді. Статистикаға қараңыз, батыста дінге ең көп сенетін халық АҚШ-та тұрады. Трамп соны күшейтпек: кей штаттарда діни (христиан) сабақтарды мектептерге енгізіп үлгерді. Қосымша сабақ ретінде.

Өткенде талқыланған вице-през. Ванстың Мюнхендегі сөзі — ешқандай да демократияға үйрету емес, Еуропаға «оңшыл бол, әйтпесе қолдамаймыз» деген бопса.

Өз елінде жеңіске жеткен олар енді бүкіл батыс әлемінде нәсілшіл, консерватив оңшылдар билесе, сөйтіп 2 дж соғысқа дейінгі сияқты әлемді ашықтан-ашық отарлай берсек деп аңсайды.

Дәл қазір Еуропа солшылдарының морализаторлығын Трамп кедергі көреді. Ашық зорлықты ешқандай сылап-сипамай жасай берсек дейді. «Газада соғысты тоқтаттым» деп қойып Батыс жағалауға Газаның көрген зұлматын көрсетіп жатыр дәл қазір. Сирияға да бас салып, Украинада айтқанын өткізіп үлгерді. Барлық жағдайда әлсіз елдердің жер/асты байлығы керек,ал жер үстіндегі халқы кедергі ғана.

Трамптың және еуропалық оңшылдардың кейбір риторикасын жақсы көреді осындағы біраз адам. Өйткені ойпырмай, үшінші жынысқа қарсы, феминистерге қарсы = азғындыққа қарсы деп ойлайды. Путин мен Трамп бір жақ болса, біз сияқты елдің күні не болады деп ойлап көріңіз.

Айналып келгенде ол 3-жынысқа ғана емес,ақ нәсілді еместерге, иммигранттарға да қарсы. Фб пен инстада көп фильтрдің алынып тасталғанын Цукерберг бекер жариялаған жоқ қой.

Джон Оливер айтпақшы, енді «Иммигранттар лас, бұзылған бірдеңенің б-ғы» деген сияқты пост/коммент жазылса, ол қалыпты нәрсе. Жекелеген ұлтты, дінді, тб. топты балағаттау онлайн кеңістікте нормаға айналады.

Бұл әрине, батыстың адамы бұдан былай қыдырып не оқуға барған сізді көргенде күлімдеп емес, Мәскеудегідей расизммен қарсы алуына жолды ашып-ақ тұр. Әрине,оған жете қоймас деп үміттенем. Сондықтан біреуді кемсітіп, құқы тарылғанына қуанғанда сол сіз қолдаған күш иесі өзіңізді де кемсітетінін ұмытпағайсыз.

Илон екеуі үкіметті арамтамақтардан тазалап жатыр деп қуанғандар бар. Соны халқы үшін істеп жатыр деп ойлайды. Қандай ашықауыздық. Илонның DoGE-сі таза алаяқтық пен roguery — 2 млрд үнемді 55 млрд деп ұра салатын демагогия.

Трамптың кеше ғана жариялаған бюджетке қысқартулары Американың онсыз да жетісіп тұрмаған денсаулық саласына соққы болады деп дабыл қаққандар көп.

Халықаралық сот, Денсаулық сақтау ұйымы, тб халықаралық институттардан бас тартқаны («қолдамаймын да, мойындамаймын да»), бюджеттегі сан миллиардтаған қысқартулар — түбі «Америка Марста колония құрады» деген сияқты Илонның бір үлкен жобасына ақша салу үшін деп ойлаймын.

Мүмкін Трамп кеше жариялаған видеодағыдай Газада Израиль үшін жаңа қала салатын шығар, сөйтіп баий түсер. Нетаньяху жоспарлап жүрген Бен Гурион каналына жұмсар.

Қысқасы, бюджет қысқартудың бәрі «халқының қамы» емес екені анық. Сондықтан Қазақстанда отырып оған қызықпай-ақ қойыңыздаршы.

Адам бәріне үйренеді, әлемнің жаңа тәртібіне де үйренерміз. талайдың өмірі талқан болары, әлемнің ең әлсіз нүкелерінде (Судан, Палестина, тб) өмірлердің қиылып кететіні ғана өкінішті.

Әсия БАҚДӘУЛЕТҚЫЗЫ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.