Тағы бір өңірде 8 наурызға орай әлеуметтік төлем беріледі

0
33

Маңғыстау облысында да 8 наурызға орай әлеуметтік төлем қарастырылған.

Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша өңірде 8 наурызға орай «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, сондай-ақ, «Батыр ана» атағын, I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденін алған көпбалалы аналарға төлемдер берілмек.

2 АЕК (7 864 теңге) мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмекті 12 686 әйел алады.

Сондай-ақ, барлық топтағы мүгедек жанға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, 7 жастан 18 жасқа дейінгі 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде төлем есептелген. Жалпы 33 300 адам төлем алады.

Мәліметке сүйенсек, бұл жәрдемақылар Наурыз мерекесінде де төленеді деп жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 8 наурыз қарсаңында бір реттік әлеуметтік төлем берілетіні хабарланды. Мұнда 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 5 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем жасалады.

Астанада да 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, жалпы саны 36 мыңға жуық азаматқа 2,5 АЕК (9830 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілмек.