«Әкемнің жетісін, қырқын, жылын бермеймін» деген Абзал «үйге бата оқып та келмеңдер» деп туыстарына ескертті

Әлеуметтік желіде тараған бұл видеоны мешіт имамы марқайып, мақтана, өзгелер үлгі алсын деген мақаммен түсірткені көзге ұрып-ақ тұр. Әйтсе де, бір ғана видео мыңдаған азаматты ашуландырып, ренжітті десек, артық болмас.
Төмендегі видеода атыраулық Абзал деген жігіт қайтыс болған әкесінің жетісін, қырқын, жылын бермеуді ұйғарыпты. Марқұмның жетісін, қырқын, жылын берудің орнына, пәленбай келіден түрлі азық-түлікті мешітке әкеп «жағдайы төмен отбасыларға таратыңдар» деген. (видео бәлкім ескі де болар, әйтсе де, сол видеоны дәл қазір күллі әлеуметтік желіде таратып отырғандардың бір саусағы ішіне бүгулі екені айдан анық)
Әрине, мешіт имамы Абзалдың бұл әрекетін асқан ерлікке балап, мешітте үйіліп жатқан азық-түліктің видеосын түсіріп, интернетте таралуына мұрындық болған.
Былай қарасаңыз, үлкен сауапты іс сияқты көрінеді. Иә, көрінеді. Алайда имамның «Абзал сауапты іс жасады» дей отырып басқаларға да осыны үндеуі — қазақтың атадан балаға жалғасқан ғұрпын санадан сызып, өшіруге ұмтылысы емес пе?
Соңғы уақытта «ысырап» деген бір сөзбен жұрттың ас өткізуіне тыйым салғыш діндарлар көбейді. Жұртқа «ысырап» дегендердің мешіттің жанындағы өз кафелерінде бір адамның басына 15-20 мыңнан ас өткізіп жатқанын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Әйтсе де, осы «ысырап» деген діндарлардың сөзі қазақты қасиетті ғұрпынан айыруға бағытталған бір айласы емес пе деген сұрақтың құлағы қылтияды.
Әйтпесе, ысырапқа жол бермейтін имам төмендегі видеодағы пәленбай келі азық-түлікті мешітке не деп түсіріп алды? Бұл азық-түліктің расымен жағдайы төмен отбасыға баратынына кепілдік бар ма?
Үйде, кафеде жұрттың ас өткізуіне тосқауыл қою арқылы жаназа ғұрпын ақырындап мешітке қарай ойыстырып, бір шәугім шай мен бір уыс бауырсақ болса да мешітке құйылсын деген саясат емес пе бұл?
Бүгін өлік жөнелту ғұрпына ауыз салған мешіт келе-келе үйлену, шілдехана, бесіктой, беташар сынды басқа да салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды шайнап жұтпасына кім кепіл?
Осы видеоға қатысты мына пікірлер сізге қазақтың баласы ретінде ой салмай ма?








