Биылғы әскери парадқа 2,5 млрд теңге жұмсалмақ

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Астанада өтетін әскери парадқа бюджеттен бөлінетін 2,5 млрд теңгенің қалай жұмсалатынын нақты түсіндірмеді, деп хабарлайды Democrat.kz. порталы Todayinfo -ға сілтеме жасап.
Министрлік таратқан ресми ақпарат бойынша, бөлінген қаражат жанармай сатып алуға, әскери қызметкерлердің жол шығындарына, әскерлерді тасымалдауға және арнайы формаларды тігуге жұмсалады.
Сондай-ақ әскери-патриоттық іс-шараларды өткізу, үздік әскери қызметкерлерді марапаттау және соғыста қаза тапқан қазақстандықтардың есімдерін мәңгі есте сақтау жұмыстары қарастырылған.
Дегенмен, аталған 2,5 млрд теңгенің нақты есеп-қисабы мен бөліну тәртібі белгісіз күйінде қалып отыр. Сонымен қатар, әскери парадта ресейлік әскери техниканың көрсетілетін-көрсетілмейтіні туралы сұрақ та жауапсыз қалды.
Министрліктің хабарлауынша, парадтың ерекшелігі – әскери қызметкерлер Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі формамен шеруге шығады.
Шеруде Қазақстанда құрылған әскери бөлімдердің тарихи жауынгерлік тулары алғаш рет алаңнан өтеді. Бұған қоса, соңғы жылдары сатып алынған заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері көрсетілмек.
Жалпы парадқа 4500 әскери қызметкер, 24 жаяу парадтық топ, шамамен 209 бірлік әскери техника және 67 дрон қатысады. Шараны 300 адамнан тұратын әскери оркестрдің өнер көрсетуі аяқтайды.
«Мәңгілік полк» шарасы министрлік құзыретіне кірмейді
Министрліктің мәлімдеуінше, Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған 42 мың естелік медаль табыс етіледі. Алайда халықтық сипат алған «Мәңгілік полк» шеруін ұйымдастыру министрлік құзыретіне жатпайтыны айтылды.
Әскери парадқа жұмсалатын миллиардтар – саяси мәселе
Сенатор Андрей Лукин әскери парадқа жұмсалатын 2,5 млрд теңге шығынын «толықтай орынды әрі саяси тұрғыдан дұрыс шешім» деп атады. Оның пікірінше, Қазақстан халқы Жеңістің 80 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуі тиіс.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2020 жылдан бері әскери парадтар өткізілген жоқ. Алғашында коронавирус пандемиясына, кейін бюджетті үнемдеу мақсатында шерулер тоқтатылған болатын.