Қазір бермеген гүлді анамыздың қабіріне қойып, өкініп жүрмейік

0
241

Әлеуметтік желіде жазбаларын көпшілік сүйсініп оқитын Ержан Тәліп бүгінгі бір жазбасымен көпшілікке әрі ой салды, әрі жүректі шымырлатты деп жазады Democrat.kz.

«Мен 8 наурызда ешқашан анама сыйлық сыйлап көрмеппін. «Мама, не сыйлайын 8 наурызға?» — деп зәуімде сұрай қалсам, «Ештеңенің керегі жоқ, маған сендердің амандықтарыңның өзі сыйлық қой» — деп жауап беретін.

Қымбат сыйлық сыйлауға ол кезде шамам жетпеген шығар, бірақ гүл сыйлауға шамам жететін еді ғой. Соның өзін құнттамаппын.

Анам қайтқаннан кейін бір 8 наурызда бір тал қызғалдақ алдым да, қабіріне қойып кеттім, алайда, ол менің жүрегіме еш жылу сыйлай алмады, ешқандай жұбатуға да медет бола алмады. Қабірінің басында ағыл-тегіл жыладым сол күні.

Тірісінде сыйласам анам қуанар еді, шаттанып күлер еді, өлгеннен кейін басына гүлден тау тұрғызсаң да не керегі бар оның?

Аналарыңды тірі кезінде құрметтеңдерші, адамдар, аналарыңа ертеңгі мейрамында ең болмаса бір дана болса да гүл сыйлаңдаршы…» деп жазды Ержан Тәліп.

Қоғам белсендісінің осы жазбасына қатысты

«Анам тірі бірақ сыйлай алмаймын. Ол өз таңдауын таңдаған адам. 8 наурызда соңғы рет көрдім. Қоштасқан екен. Бала едім түсіне қоймаппын. Содан бері бұл мерекені ұнатпаймын. 19 жыл өтіпті ау…»

«Мен де анам ештеңе керегі жоқ дегенге мереке, туған күндерінде бармай жүре беретінмін. Тұрмысқа шыққалы. Биыл сыйлығыммен бір сағатқа болса да кіріп шығайын дедім. Кейін өкініш болмау үшін…»

«Мәңгі өлмес деп көргеннің бірі мен ем. Мынаны оқып көңілім түсіп қалды(( Шіркін, шешеме бірдеңе сыйлап үлгергенімде. Мүмкін басқа боларма ем» деп оқырманы пікір жазуда.

Расымен де, анамыз мәңгі жүрердей көреміз. Жылына ең болмаса, арнайы себеп етіп, 8 наурыз бен туған күніне сыйлық жасап қуантуды да кейінге ысыратынымыз тағы бар.

«Тірі болғанда…» деп өкінбеу үшін дәл бүгін анамызды қуантуға не кедергі? 8 наурызға арнап анаңызға қандай мерекелік қуаныш сыйлайсыз?

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін.