Имам-молда дайындауға 1 млрд 490 млн теңге бөлінген

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 жылы «Нұр-Мүбаракқа» — 1 млрд 490 млн теңгеден астам мемлекеттік білім тапсырысын берген…
Астана қаласынан «Нұр-Мүбарак» ислам университетінің 45 түлегіне жұмыс табылмай жатыр. «Кеше қаланың дін істері басқармасында «осыншама исламтанушыны (дінтанушы, теолог) қайда, қалай жұмысқа орналастырамыз?!» деген сұраққа бас қатырып жиын өткізді» деп хабарлады мүфтият маңында жүрген құпия дереккөз.
Айтуынша, исламтанушылар Астана қаласы Білім басқармасы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бөлген мемлекеттік білім гранттары бойынша оқыған.
Білім саласына жауапты бұл органдар 2018 жылдан бері ҚМДБ-ның медреселері мен «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне миллиардтап заңсыз грант бөліп келгені баспасөзде жазылды.
Мысалы, Астана Білім басқармасы биылдың өзінде «Нұр-Мүбаракқа» 8,5 млн теңгенің грантын берді, былтыр – 37,5 млн теңгеден астам, алдыңғы жылы – 36 млн теңгеге жуық…
Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023 жылы «Нұр-Мүбаракқа» — 1 млрд 490 млн теңгеден астам мемлекеттік білім тапсырысын берген…
Басқа ұрып санасаң, бюджет есебінен молда дайындауға бұдан әлдеқайда көп қаржы бөлінгенін анықтауға болады, бұл мәлімет — 5 минут интернетке үңілгенде тапқаным ғана…
Әрине, Еңбек министрлігі еңбек нарығына осыншама молда керек деп сұраныс бермегені анық. Бұл мүфтиятпен жымдасып кеткен Дін істері комитетінің істеп жүрген заңсыз қылығы.
Олар «Нұр-Мүбарак», осынша молда дайындап бер» деп білім саласы арқылы бюджеттен миллиарттарды бөлдірді. Осыншама молда-кадр ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне де, Оқу-ағарту министрлігіне де керек емес.
Сондықтықтан «Нұр-Мүбарактың» былтырғы 45 түлегіне қалай жұмыс тауып береміз» деп Астананың дін істері басқармасы бас қатырып жатыр.
Білім гранттары нұсқаулығы бойынша, бюджет есебінен дайындалған маманға оқу бітірген соң жұмыс тауып беру, қажет жағдайда үй-жаймен қамтамасыз ету — мемлекеттік білім тапсырысын берушінің міндеті.
Міне, енді Астана қаласы 45 молданы қалай жұмыспен қамтудың жолын таппай отыр. Ал мүфтиятқа қарайтын мешіттерде орын жоқ. Ажырықша байласып алған имамдар «Нұр-Мүбарак» түлектеріне орынын босатып бере қоюы неғайбыл…
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.