Оқушыға қойылатын өтірік бағалар: Қорқақ, сауатсыз мұғалімнің әрекеті

Білім саласындағы басты проблеманың бірі-қазіргі ата-аналар қауымының істің байыбына бармай, балаларынан естігені (айтқаны) бойынша мұғалімді (білімді, талапшыл, әділ) директорға жамандап бару немесе үстінен арыз жазу.
Пәнді оқытудың методологиясы мен спецификациясынан бейхабар, бағалау критерийін білмейтін ата-ананың осы сұрақтар бойынша мұғалімге претензия айтуға моральдық құқы жоқ!
Мен тәжірибелі ұстаз ретінде пәнімді (өзге тілді мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті) оқытуға байланысты өзіндік әдістемесі қалыптасқан, жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыруға арналған әдістемелік құралдың авторы ретінде айтарым, ата-ана баласы БЖБ мен ТЖБ “2” алған сәтте “мұғалімді түтіп жеу үшін” мектепке шабады.
Содан қорыққан мұғалім бейбақ өтірік “3” қоя салады. “Аш құлақтан тыныш құлақ” деп жан тыныштығын іздейді.
Мен олай істей алмаймын! Академиялық адалдық талаптарын сақтай отырып, әр БЖБ, ТЖБ тапсырмаларын екі нұсқа етіп, оқу мақсаттарына сай тапсырмалар әзірлеймін, бағалау критерийі мен дескрипторды да өзім құрастырамын.
Былайша айтқанда, әр бағалау тапсырмасын өзім “дүниеге алып келем”. Бұл-ерен еңбек пен ізденісті талап ететін шығармашылық жұмыс! Оны жасап жүрген әріптестер(-ім) біледі.
Өкінішке қарай, оқушың сен күткен нәтижеден төмен көрсеткіш бергенде қынжыласың, сосын шешімін табудың жолдарын іздейсің. Бөлім бойынша алған білімдерін іс жүзінде көрсете алмай жатқанына реніш білдіресің.
Орыс тілді мектептердегі оқушылардың “дерті” сөз жаттамайды, лексикалық минимумдары төмен. Тапсырма мәтінмен жұмыс болған соң, оны түсіну керек! Ол үшін сөздік қоры жеткілікті болуы шарт!
Өкінішке қарай, бәрінде бірдей олай емес! Мемлекеттік тілді мемлекеттік тұрғыдан қолға алып, қажеттілік тудырған жағдайда ғана өзге ұлт өкілдерінің де беті бері бұрылады. Қалғанының бәрі бекер!?
Айтпағым, талапшыл мұғалім сабағын талапқа сай жоспарлайды, ол үшін әр минут алтынға бергісіз. Тәртіп бар жерде білім болатындығы әлимсақтан белгілі дүние. Мен үшін сабақ процесі кезіндегі тәртіп бірінші орында!
Бұйрықта жазылса да орындалмайтыны көп. Соның бірі белгілі бір пәннен бағдарламаны меңгермегені үшін тоқсан соңында оқушыға “2” қою. Қазір еш мектепте үлгермеуші оқушы жоқ!
Себебі ешкім “2” қоймайды. Қойса, басы дауға қалады. Бітпейтін папка толтырып, есеп беріп, “қағаздың астында қалады.”
Не болмаса, “шынайы картина” көрсеткен мектептер биылдан бастап іске қосылған “Мақсатты мектеп” жобасынан бір-ақ шығады. Ол мектеп басшысы үшін үлкен минус, сондықтан “ештеңе білмейм, “2” қоймайсың, сапаны көтересің!”- деген бұйрық беріледі.
Бұйрықты орындамағандардың жаңа оқу жылында жүктемесі төмендетіледі немесе басқа жұмыс орнын іздеуге мәжбүр болады. Міне, бүгінгі күннің шындығы!
Директордың “угрозасынан” қорыққан өзіне сенімсіз мұғалім қолдан өтірік сапа жасап, “2”-ні “3”-ке, “3”-ті “4”-ке жөндейді. Бұндай “подход” адалдық принципін ұстанған, тіс қаққан ұстазға жүрмейді (өтпейді)! Не істемек керек!?
Сенгенім мен сыйынғаным, қағазым мен қаламым деп, шағымшыл ата-ананың алдына оқушының (баласының)жұмыс дәптерін, жиынтық бағалау тапсырмаларын тастайсың.
“Көзіне көрсетіп, шұқып тұрып” дәлелдейсің! Түсіндіресің, айтасың! Жетесіне жеткізесің. Түсінген ата-ана артық кеткенін мойындайды. Тіпті кешірім де сұрайды. Келіспегендері үндемейді немесе өз пікірінде қалады.
Мектеп басшысына жеткізбей, ата-анамен мәселені өзі шешетін (мен секілді)) мұғалімдер көп болсын деп тілеймін. Бүгін сондай даулы іске нүкте қойдым.
Арыздарын жалаулатып әкеп, жиын соңында “не қылсаң, ол қыл” дегендей, үстелімде қалдырып кетті. Ендігі уайымдары, балаларымыз ТЖБ қалай жазар екен!?
Баласына бақылауды күшейтіп, телефонға телміртпей, бір мезгіл сабағын қадағаласа, тек “2” алғанда ғана емес, үнемі мұғаліммен, мектеппен байланыста болғанда ғана сапалы білімге қол жеткізуге болатынын, барлық ата-ана бірдей сезінбейді! Сезінгісі де келмейді! Себебі барлық жауапкершілікті мұғалімге артып қойған! Шыны сол!
Еш уақытта ата-анаға өзіңізді (Сізді) басынуға жол бермеңіз, өз позицияңызда тұрыңыз! Дәлеліңіз жеткілікті болсын! Заңды біліңіз! Анық, нық, сенімді сөйлеңіз! Сонда Сіз (біз) алмайтын қамал болмайды! “Білімді мыңды жығар!”
Айя ҚУАНЫШ, белсенді ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.