Прокуратура мұғалімдердің іс-сапар шығыны төленбегенін анықтады

ШҚО мұғалімдері тиісті төлемдерді ала алмай келген. Мәселе іс-сапар шығыны туралы болып отыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ШҚО Самар ауданының прокуратурасы еңбек заңнамасы сақталуын қадағалау барысында аудандағы білім беру ұйымдарының педагогтеріне іс-сапар шығыны төленбегенін анықтады.
«171 мұғалімге ұзақ уақыт бойы заңмен қарастырылған іс-сапар шығыны төленбеген, жалпы сома 28 миллион теңгеден асты», — деп жазылған хабарламада.
Самар ауылындағы мектептердің бірінің мұғаліміне 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы қаңтарға дейін 224 105 теңге мөлшерінде іс-сапар шығыны төленбеген. Осындай жағдайлар ауданның басқа мектептерінде де тіркелген.
Прокуратура қабылдаған шаралар нәтижесінде заңбұзушылықтар жойылып, ұстаздарға тиісті төлемдер толық көлемде төленді.