«Бұл — Әбекең үшін «сән ғой» деген М.Тазабек аяғын балаға уқалатқан имам туралы пікір жазды

Бұрынғы айтыскер, қазіргі діндар Мұхамеджан Тазабек сарыағаштық аяғын балаларға уқалатқан имамға қатысты пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Өз жазбасында діндар әңгімені әрден бастап, «Пайғамбарды да (с.ғ.с) табалаған, одан кім ұтты?! Пайғамбар да (с.ғ.с) зұлымдық көрген, одан кім ұтылды?!» дей келе, Абужаппар Смановтың өткен өміріне шолу жасайды.
«Сексенінші жылдары Әбекең әскерде болған. Болғанда да Ауғандағы соғысқа түскен. Барғаннан ишанның баласы, бала кезден оқыған намазын сол жерде де жалғастырған ғой.
Кеңестің атеист командирлері бірден бас салған, тиым салған, соңында намаз оқып жатқанда алды-артынан оқ жаудырған. Әбекең тоқтатпаған. Олар да қайтпаған. Екі жыл сол қатер, кеткенше құлшылығын жасап кеткен…
Әскерден соң Ташкентте ілім алып, алмағайып заман болғанда Орта Азияның бас мүфтиіне оққағар боп, бүлікшілерден сақтап, басын оққа байлаған…
Ғұламалардың батасын алған, ғалымдардың дұғасында болған…
Елге келген соң ата жолын жалғастырған, әкесінің құтпа таяғын қолына алып, бала оқытқан, інілерін оқуға берген, “тапсырма орындаушылармен”тартысып жүріп, медресе салған, шаруашылық жүргізген…
Көп сапарлас болдым. Тұқымы тұздай құрып бара жатқан “еркектік, батырлық, хақ үшін басын бәйгеге тіге салу” дегенді осы кісіден көрдім. Бір күн тойып тамақ жесе, бір апта сумен жүре беру, түнгі намазды жібермеу, үш-төрт сағат ұйқымен өмір өткізу — Әбекең үшін жәй ғана ғұмыр…
Дұғасы қабыл боп, досының болысқанын, жауының жығылғанын, жобасының жолға қойылғанын — сәт сайын көріп келеміз. Жүздеген имам, мыңдаған шәкірт бұл кісі үшін дұғада екеніне куәміз…
Жанына рахат іздеп, тәніне тоят тілеп жүрген жан Әбекең емес…
Сәтсіз ракурс, бір сәттік босау, жауапсыз түсірілім — қай тойда, қандай отырыста, кімнің басынан өтпей жатыр?!
Қойылып жатқан тақырыптар, жазылып жатқан пікірлерді оқып, ренжімедім, еріксіз күлдім…
Пайғамбар (с.ғ.с) жасына келген, оқтан қайтпаған, аштыққа сынбаған, Алла үшін жанын беруге даяр ақсақалды кім немен қорқытып, неден қайтармақ?!
Алланың қаһарынан, мазлұмның дұғасынан өзіміз қорқуымыз керек…
Әбекең ағамыз мейірімді мұсылман. Біреуге ренжіп, біреуді тілдемейтіні айдан анық. Алла пана болсын!
Мұндай шабуылға шыдау, білмеске ренжімеу, сынаққа сабыр ету, өсекті өткізіп жіберу — қай заманнан, әлгі бір кісі айтқандай, Әбекең үшін “сән ғой”, ол…
Қасиетті ай, оның үстіне бүгін жұма, өзімізге де, өзгеге де жақсылық тілейік.
Кешке президентіміз Бурабайдан бастап, барлық өңірлерде ауызашар беріп жатыр екен, Алла қабыл етсін!
Алла елімізді сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтасын!
Ақасақалын мазақтап, кішілерін басынып, дәстүрін мансұқтап, дінінен мақрұм боп, өзгенің қолындағы құрал, жаттың жолындағы құрбан боп кетуден Алла пана болсын!» деп жазды діндар Мұхамеджан Тазабек.
Фото интернеттен.