Ұлттық құрылтай қарсаңында секциялық отырыстар өтті

Наурыздың тағы бір салтанаты – Бурабайда Ұлттық құрылтай өтеді. Жиын алдында секциялық отырыстар болды, деп хабарлайды Democrat.kz 24kz сілтеме жасап.
Онда әлеуметтік-экономикалық даму мен ғылым-білім саласындағы өзекті мәселелер талқыға түсті.
Құрылтай мүшелері аталған салаларға қатысты бірқатар ұсыныс пен бастамаларын ортаға салды. Былтыр Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген бастамалардың нәтижесінде 10 заң жобасы ұсынылып, 9 заң қабылданған болатын.
Бұл бастамалар елдің әлеуметтік, құқықтық және мәдени дамуын қамтиды.
Мәселен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға түзетулер енгізді. Бұл бұзушылықтар енді Қылмыстық кодекске кіргізілді. Айта кету керек, соңғы 2-3 жылда түрмедегі әйелдер түйткілі өзекті болып отыр. Олардың бостандығын шектейтін мекемелердің жағдайы сын көтермейді. «Амнистия ғана емес, заңға өзгеріс керек», — дейді азаматтық қоғам секциясына қатысқан заңгер Айман Омарова.
Мәдениет руханият және өнер секциясы отырысында талқыланған мәселелердің бірі – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайы болды.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
— Біздің рухани фундаментіміз Қожа Ахмет Ясауиден басталады. Сондықтан Президентіміз Түркістандағы құрылтайда арнайы тапсырма берген. Соның аясында Түркістанның статусы туралы заң қабылданды. Тек кесенені қорғау ғана емес, бабамыздың рухани мұрасын дәріптеу, зерттеп-зерделеу мәселесі де арнайы нормамен бекітілді бар.
Осы бағытта Парламент депутаттары тарихи археологиялық құндылықтарды сақтау, қазба жұмыстарындағы жөнсіздіктерге де алаңдаушылық білдірді. Бастама бар.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті, Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
— Археологиялық құнды, ұлттық мұрамыз болып табылатын дүниелерді кез келген адам келіп қазып, оны шетелге де алып кетіп, оның ешқандай бақылауы да жоқ. Кадастры да жоқ, басқасы да жоқ. Сол туралы депутаттар өзі бастамашы болып, біздің тарихшылармен, археологтармен отырып келісіп, осындай заң жобасын ұсынып отырмыз.
Ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік қызметшілердің имиджі, дәстүрлі дін, отбасы құндылықтарын насихаттау, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін тілді цифрландыру тағысын тағы ұсыныстар сөз жүзінде қалмайды. Бұған дейін нақты жұмыстар жасалды және ол жағасалды.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық құрылтай хатшысы:
— Түске дейін «Азаматтық қоғам» және «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбында екі секция жұмысын жасады. Нәтижесінде 120-дан аса ұсыныс келіп түсті. Ол ұсыныстар қызу талқыланып, тиісті ой-пікірлер айтылды. Барлық ұсыныстар Құрылтай хатшылығы арқылы мұқият зерделеніп, қаралады.
Бурабай баурайында өтіп жатқан төртінші Ұлттық құрылтай аясындағы секцияларда ғылым мен білім, әлеуметтік экономикалық даму тақырыптары да сөз болды. Саладағы қордаланған мәселелер де айтылып, шешу жолдары ұсынылды. Сондай ұсыныстың бірін Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты. Ұлттық құрылтай мүшесі талай Алаш арыстарының туған жері Арқалықтағы білім-беру мекемелерінің жайына алаңдайды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
— Қазіргі таңда ол жерді облыс орталығы жасауға біздің экономикалық жағдайымыз мүмкіндік бермесе де, ол жерде 28 мыңнан аса халық тұрады. оның 6 мыңы оқушылар. Қаншама дарынды балалар бар, бірақ не зияткерлік мектептер жоқ, не білім-инновациялық лицейлер жоқ. Біз әлеуметтік инфрақұрылым тұрғысынан, кітапхана театр, жақсы мектептер сынды әлеуметтік инфрақұрылымын дамытсақ, халықтың әл-ауқаты да дамиды.
Алдағы уақытта аймақтан асып, құрылтайға жеткен даттың еленбей қалмасы анық. Ғылым саласына қатысты бірқатар ұсыныс жасаған құрылтай мүшелерінің бірі – Нұрлан Дулатбеков. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры ғылым саласындағы қордаланған мәселерге қанық. «Әсіресе, өңірлердегі жоғарғы оқу орындарының әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек», — дейді ол.
Нұрлан Дулатбеков, Ұлттық құрылтай мүшесі:
— Адам басына шаққандағы ғалымдардың саны бойынша біз біраз мемелекеттерден артта қалып келе жатырмыз. Әсіресе, ғылымды дамыту, оның ішінде өңірлік ғылымды дамыту, өңірлік университеттерге мәртебе беру және ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен көңіл бөлсе деген.
Ұлттық құрылтай мүшелерінің көкейінде жүрген мәселелерді білім мен ғылым саласына жауапты қос министр де мұқият тыңдады. Көтерілген бастамалардың барлығы да алдағы жұмыс барысына бағдар болады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі, Ұлттық құрылтай мүшесі:
— Құрылтай мүшелері ел арасында жүргендіктен, жасалып жатқан реформалардың қалай жүзеге асып жатқанын біз кері байланыс арқылы қарап, біліп көріп отырмыз. сол арқылы ережелерімізге тиісті өзгеріс енгізуге мүмкіндік алып отырмыз. Сондықтан құрылтайдың елге, ұлтқа берері көп деп сеніммен айтуға болады.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Құрылтайдың бір секциясының осы тақырыпқа арналуы да содан болса керек. Құрылтайға қатысушылар тарапынан салықтық реформа жасауға қатысты бірқатар ұсыныс айтылды.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
— Біз Қазақстанда ірі кәсіпкерлердің девиденттерінен салық төлеу, олардың түскен пайданысына салық көлемін арттыру механизмдерін де қарастырып жатырмыз. Өйткені олар Қазақстанның сарқылатын ресурстарын пайдаланып жатыр. Ол ресурстар бүкіл халыққа тиесілі.
Салықтан жалтарудың түрлі айла-тәсілін тапқандар кеден салаласында көп. Бұндай мәлімдемені Ұлттық құрылтай мүшесі депутат Мұрат Әбенов жасады. «Салықтық түсімдерді молайтамыз десек, осы мәселені бір жақты қылуымыз керек», — дейді депутат.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
— Мемлекет салық жинауымыз керек, қаржы аз дейді. ал көп қаржы түсетін жер ол – кеден. Онда контрабанда өте көп.
Келелі мәселелер көтерілетін Құрылтай жұмысы бүгін де жалғасады. Басты отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысатын болады