Айгүл Орынбек: «Халықтан жылу жинап жүргендер көбейіп кетті»

Заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек қайырымдылық қорлары көбейіп кеткенін айтып, дабыл қақты.
Заңгер Ұлттық құрылтайда өз ұсыныстарын айтты.
Қазіргі таңда мемлекетімізде түрлі қайырымдылық қорлары көбейіп кетті. Қайда барсаң да — ақша жинап жүрген қорлар мен олардың ел танымайтын мүшелері мен басшыларын көресің. Өкінішке қарай, “қайырымдылық қорлардың” атын жамылғандардың барлығы адал жолмен жүріп, шынайы мақсаттарға қызмет етіп жатыр деп айта алмаймын, — деді Айгүл Орынбек.
Заңгер бір күдікті жайтқа тоқталды. Мысалы, жәй ғана “каспий қосымшасында” 358 – қайырымдылық қоры халықтан электронды түрде жылу жинау үшін тіркелген екен.
Таңданатыны сол — бұл қорлардың кейбірі тіпті қандай мақсатта және не үшін құрылғаны белгісіз. Басшылары да көрсетілмеген. Кейбір қорлардың интернетте атқарған жұмысы жайлы есептерін таппадым. Ал дүкендер мен сауда сөрелеріндегі қайырымдылық үшін қойылған жәшіктердің санын білмейміз. Күн санап көбейіп жатыр, бірақ ол ақшаның да сұрауы жоқ, — деді ол.
Орынбек елімізде тіпті күдік тудыратын күмәнді қорлар арандатушылар мен радикалды топтарды қаржыландыруы мүмкін деген оймен, мемлекетіміздің болашағына, қауіпсіздігіне алаңдап отыр.
Бұл — шұғыл шешуді қажет ететін ең басты мәселе. Сондықтан осы қор жұмыстарының жауапкершілігін күшейту мақсатында заңға тиісті өзгерістер енгізу туралы тапсырма беруіңізді сұраймын, — деді ол.