«Ұлттық құрылтай — еліміз үшін қордаланған мәселелердің шешімін табу алаңына айналды» дейді депутат Жұлдыз Сүлейменова

Ұлттық құрылтайдың бір ерекшелігі – ол жерде әлеуметтік-экономикалық бағыттан бөлек, иделогиялық әрі тәрбиелік маңызы жоғары тақырыптар талқыланады. Бұл туралы Ұлттық құрылтай аясында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Еліміз үшін өте маңызды басқосу болады деп ойлаймын. Жалпы, осыған дейінгі үш құрылтайда біз шешімі қиын, 30 жылдан астам уақыт бойы қордаланған күрделі мәселелерді қарастырдық.
Соның заңнамалық шешімін де, оның орындалуына қатысты қадамдарды қабылдадық. Қазір аталған шешімдердің дұрыс екені уақыт өте келе дәлелденді.
Мәселен, лудоманияға қарсы күресте нақты шешімдер жасалды. Мемлекеттік қызметшілерге, әскерилерге құмар ойындарға баруына тыйым салынды.
Сонымен қатар, үлкен үйлердің сыртындағы жарнамаларда ойын бизнесіне қатысты жарнама ілеуге де тыйым бар.
Бұл шешімді қабылдау күрделі болғаны түсінікті, бірақ халық үшін керек шешім болды, — деді Ж. Сүлейменова тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, әйелдердің құқықтарын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін сақтау туралы заң біраздан бері көп талқыланған.
Бұл ретте, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ұрып-соғу баптары қылмыс санатына жатқызылды. Осы заң қабылданғаннан кейін, оңтайлы өзгерістер байқалды.
— Атап айтқанда, жастарды тәртіпке шақыру тұрғысында тиісті заңнамалық түзетулер болды. Буллинге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде арнайы жауапкершілік қарастырылды.
Жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыз таразыға түскен кезде, өзіміздің құндылықтарымызды заңмен бекітуіміз қажет екенін толыққанды түсініп отырмыз, — деді депутат.
Ж.Сүлейменова Ұлттық құрылтайдың отырыстарында көтерілген мәселелер аясында 10 заң жобасына бастамашылық жасалғанын, оның ішінде тоғыз құжат қабылданғанын еске салды.
— 10-шы заң жобасы археологияға байланысты. Бұл ретте мәдени жәдігерлерімізді сақтау, археология саласының дамуына қатысты құжат Мәжілістің қарауына енгізілді.
Осының бәрі — күрделі мәселелер. Ұлттық құрылтайдың бір ерекшелігі – ол жерде әлеуметтік-экономикалық бағыттан бөлек, иделогиялық әрі тәрбиелік маңызы жоғары тақырыптар талқыланады.
Құрылтайда Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкіметтің, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері және әрбір өңірдің азаматтары пікірлерін ортаға салып келеді. Бұл жерде барлығының пікірі тең дәрежеде, — деді ол.
Депутаттың пайымынша, бүгінгі құрылтай отырысында еңбек адамына ерекше екпін қойылуы мүмкін.
— Еңбек адамына қатысты мемлекеттік бағдарлама қабылданса екен деген үмітім бар. Кейінгі үш жылда еңбек адамына деген құрмет жайындағы тақырып көтеріліп келеді.
Көше немесе әлеуметтік нысандардың тазалығына және басқа да ауқымды жұмыстарға еңбек адамдарының үлесі зор.
Сондықтан еңбекті бағалау үшін осы адамдарға арналған мәртебесін ескеретін мемлекеттік бағдарлама қабылданған жөн.
Екіншіден, ауыл мәселесі назардан тыс қалмайды деп санаймын. Үшіншіден, кітап мәселесі бар. Балалардың дамуына кітап оқытудың маңызы зор.
Осы орайда балаларға пайдалы туындыларды кеңінен насихаттау керек. Жалпы, бұл бағытта кітап оқуға байланысты мемлекеттік бағдарлама қабылдау керек деп ойлаймын, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Дереккөз: ҚазАқпарат.
Фото интернеттен.