Антон Бударов «ханафитке бөлінген бюджет ақшасы провославқа да бөлінсін!»деп талап қойды

«Буданбай» православ семинариясына бюджеттен ақша бөлуді талап етті деп жазады Democrat.kz. журналист Ораз Әлімбековтің жазбасына сілтеме жасап.
«ҚМДБ меншігіндегі 9 медресе мен «Нұр-Мүбәрак» ислам университетін мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру ҚР азаматтарының теңдігі мен наным-сенім бостандығын бұзатынын, мұның соңы елімізді конституциялық дағдарысқа апарып тығатынан айтудай-ақ айттық, жазудай-ақ жаздық.
Экс-министр Ерлан Сағадиевтің 2018 жылғы № 569 бұйырығын заңсыз деп танып, медреселер мен «Нұр-Мүбәракқа» бөлінген миллиардтаған теңгені қазынаға қайтаруды Оқу-ағарту министрлігінен де, Ғылым және жоғары білім министрлігінен де талап еттік…
«Ауылдағы журналистің ауызы сасық» деді ме, … министрлері де, прокуроры да, депутаттары да, соты да жөн сөзді құлағына қыстырмады.
Есесіне құрамында Дін істері комитеті бар Мәдениет және ақпарат министрлігінің К.Искаков сияқты лауазымды шенеуніктері мүфтияттың медреселерінің және «Нұр-Мүбәрактың» жалдамалы адвокаты сияқты соларды жақтап шыға келді… Медреселер мен «Нұр-Мүбәракқа» бюджеттен ақша бөлу биыл да жалғасты.
Ал енді не болды?!. «Орыс әлемінің» пропагандашысы Антон Бударов Қазақстанның білім беру саласына жауапты екі министрден РПЦ-ға (Московский патриархат) қарайтын «Алма-Атинская православная духовная семинария» студенттеріне мемлекеттік білім гранттарын бөлуді талап етіп отыр (скринді қараңыз).
Бударовтың бұл талабы ҚР Дін істері комитеті дайындаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бойынша дұп-дұрыс.
Себебі, сол заңда Қазақстан «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халық мәдениеті мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитыны» жазылған.
Бударовтың ойынша, ханафиттерге қазынадан ақша бөлінсе, онда алаламай православтарға да бюджеттен ақша берілу керек…
Бұлай кете берсе, католик шіркеуіне діни қызметкерлер дайындауға да мемлекеттен ақша сұрайды.
Себебі, Назарбаев режимі тұсында біздің үкімет тыныш жүрмей тұштаңдап Рим папасымен де екіжақты меморандумға қол қойып, оны парламент ратификациялап тастаған.
Ертең Қазақстанда 500 мыңға жуық жамағаты бар протестант христиандар да мемлекеттің ақша беруін талап етеді.
Олардың арқасүйері қазір күшейді: АҚШ билігінен католик Байден кетіп, оның орнына адуан протестант Трамп келді… Трамппен тіресетін кім бар бізде?!.
Исламның ханафи ағымына тиесілі оқу орындарына мемлекеттен ақша бөлінгенін алға тартып «сүлейменшілер» де, «гүленшілер» де, «зікіршілер» де медреселеріне ақша беруді талап етеді.
Мердресесі жоқ сопылардың пірлері Исматулла тақсыр сияқты бюджеттің есебіннен «шілхана ашып беріңдер» деп талап қояды… Сонда нендей уәж айтады бұл үкімет?!.
Мен Конституцияға осындай қауіп төніп келе жатқанын жаздым ғой… Наурызбай Өтпеновті мүфтияттан қуып, ҚМДБ-ға түбегейлі реформа жасауды 5 жылдан бері айтып келемін.
Жанашыр сөзді ешкім құлағына ілмеді. Өтпеновті тағы да 5 жылға Бас мүфти қылды.
Ал Ақорданың идеологтары елдің келешігін ойлаған мен туралы «Ескі Қазақстанның құйыршығы», «оппозиция», «Әбілязовтің жақтасы», «исламның жауы», «тәңірші» деген сыпсың сөз таратып жіберді.
Мейлі ғой, «саяси имиджім бұзылып министр немесе депутат бола алмай қалатын болдым» деп қорқатын мен емес – өмірімнің соңына дейін журналист болып өтем. Гәп мұнда емес.
Ендігі гәп Бударовта. Ол министрлерге жазған талабында «Алма-Атинская православная духовная семинарияға» Қазақстан бюджетінен ақша бөлуден бас тартсаңдар, онда бұл мәселені халықаралық деңгейде көтерем депті.
Әрине, Бударов Қазақстан мүше болған БҰҰ мен «Ислам ынтымақтастық ұйымына» қайырылмайды, бірден Кремльдің қожайынына шағымданады.
Қысқартып айтсақ, оның халықаралық деп жүргені Путин ғой. Сонда бұл үкімет нендей уәж айтады?!.» дейді журналист өз жазбасында.
Фото интернеттен.