М.Тазабек: «Беті ашылған Володя түгілі, бұты ашылған Баянға түк қыла алмайсың»

Бұрынғы айтыскер, қазіргі танымал діндар Мұхамеджан Тазабек тағы бір жазба жариялап, жұртты ойлантып қойды деп жазады Democrat.kz.
Бұрын арасы жақсы бір журналист танысы болғанын, сол журналиске сұрағанда 50-100 мыңдап ақша беріп, реті келсе, үнемі көмектескенін баяндаған діндар: «Қазақи жігіт болғасын, ұлттық тақырыптарға қалам тербегесін бүйрегім бұрып, қажетін ашып тұратынмын…
Қандай түлен түрткенін, бір-екі жылдан бері жалт беріп, “жамандайтындарға” қосылып, өзіме қарсы жаза бастады.
Басында таң қалдым, кейін мән бергем жоқ. Осындай бір қаламы жүйрік, өзі опасыздау тағы біраз таныстарым бар…Қарғайын десең қазағың, қарғамайын десең “азабың”…
Әлгінің жекесіне, “Ойбуу, бұл қалай?
Мені жақсы білетін едің ғой, ұят болар, қой!
Мұның тектілік емес, енді” деп жазып жібергем…
Ол да хабарсыз, мен де ұмытып кетіппін…
Жақында хабарласып тұр. “Ағауу, мені Құдай ұрып қалды. Бір жерге жұмысқа тұрғам, сізді жақтырмайтындар екен, соларға ілесіп қаппын…” дейді.
“Енді ол жерден де шығып қалдым, жәрдем бермесеңіз жағдайым қиын. Кешірім сұраймын. Бала-шағам аш отыр, көмектесетін басқа ешкім жоқ, бір демеп жіберіңізші, аға” деп кеп тұр…
Әрине, жәрдемдестім. Қолына ұстатпадым. Отбасына қажетін алып бердім…
Реті келсе тағы да жамандауы мүмкін…
Бәрі мүмкін, бірақ, “балаларынан обал ғой” деп ойладым…
Бағана рахмет айтып хат жазған екен, мен де жауап жазып жібердім…
Соны сіздермен бөлісейін…
“Бауырым, берекесін берсін!
Ораза ғой, ең жақсы садақа — ашуын жеңу, адамдарды кешіру екен. Соған амал ғып жатқан түрім. Бірақ, екі ауыз насихатым бар. Уақыт тапсаң, оқып шық…”
“Тартылған Аралдың табанындай, көште қалған домбыраның шанағындай тегіміз тозған, сертінен тайған жағдайымыз бар. Ол түсінікті.
Бірақ, кішкене болатын жаққа қарай жүру керек қой. Соғыс жоқ, аштық заман емес, тұтқында жатқан жоқсың. Бір-екі жылда миллионның үстінде көмек алдың. “Құндылықтарға құрметі бар екен, өлеңі тәуір екен, өссін-өнсін” дедім. Міндет қылмадым. Жалт бұрылып, жата кеп жамандадың…
Менің ештеңем кеткен жоқ. Ғайбаттаған жүз бәтшағардың бірі боп кете бардың. Одан да әдемі әңгімеңді айтып, анда-санда сойысыңды, жол пұлыңды алып тұрғаның өзіңе пайда емес пе еді?!
Не шығандап, елге көсем болған жоқсың, не пікіріңді билікке өткізіп грант алған жоқсың…
Сенікі не әуре?
“Кісі болам, тәуір болам, ел мойындасын” десең, үш нәрсең болу керек…
”Бай бол, ақылыңды сат, ықпал жаса…!”
Ол нәрселер қолыңнан келмесе, қоңыртөбел өмірге риза боп, мен сияқты мейірімі түскендерді “ағалап”, жәйлап жан бағып, отбасыңа ие боп, едіреңдемей, шошаңдамай тыныш жүренің өзіңе жақсы емес пе?
Екеуміздің берекесіз қарым-қатынасымыз түгілі әлемге қарашы…
Барлық жерде бір заңдылық!
Күштінің арты диірмен тартып тұр. Сол баяғы үш нәрсе;
БАЙЛЫҚ, БИЛІК, АТАҚ!
Осы үш нәрсе кімде — адамзат соның соңында…
Ал, келесі үш нәрсе кімде — сорлылық соларда;
АШУ, АЛАУЫЗДЫҚ, НАДАНДЫҚ…!
Ізгілік ізетте ғана, әділдік әңгімеде ғана, парасат парақта ғана қалып тұр…
Демек, Тоқаев кеше құрылтайда айтқандай; “өкпені ұмытып, өткенмен мақтана бермей, өзгерген әлеммен тіл табысып, бүгінгі күннің шындығымен өмір сүретін уақыт…”
Талибан тау-таста жүргенде тиым салынған ұйым еді. Таққа мінгесін, тып-тыныш қана бәріміз сауда жасасып, ресми сыйласып, барып кеп жатырмыз…
Башар Асад бас сауғалады. Кеше танкте жүргендер, бүгін тақта отыр. Алпауыт елдер сәлем жолдап, алды ресми барып, араласып жатыр…
Мықтының алдында дүниежүзілік ұйымдар да, халықаралық заңдар да әлсіз. Сотталу керек жандар соткадан сәлем айтып, қамалу керек жандардың қамалына рұхсатсыз кіре алмайсың…
Байлық қорқытады, ықпал ықтырады. ГААГА түгілі “Гогага” сөзің өтпейді. Байлық пен биліктің алдында адамзат әлсіз…
Беті ашылған Володя түгілі, бұты ашылған Баянға түк қыла алмайсың…
Тіліңді керек қылмаса да төріңе шығарасың, бұтын жаппаса да басыңа көтересің. Өмірдің шындығы осы!
Кедейдің күні кіжінумен өтеді…
Эмоция деген епсіз адамның ермегі…
Сондықтан бауырым, арқаңнан қағып, қолтығыңа су бүріккендерге сене берме. “Мал баққан дау бақпайды” дейді қазақ. Күн көрем, отбасымды асыраймын десең, қоғамнан орынымды табам десең — жұртпен тіл табыс.
“Ат беріп жүрген көкеңді, тай берген танысқа айырбастап кетпе…”
“Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиятыныңды” — сол дүние басынан өткен бабаларың айтып кеткен…
Бұрын әлемді жаулау үшін, ықпалын жүргізу үшін мықтылар қол жинайтын, әскер жіберетін. Сосын әскер емес, идеология орнықтыру арқылы одақтасатын заман келді. Кейін әскерсіз-ақ, арасынан өз адамын билікке әкеліп, білгенін жасайтын империялар алдыға шықты.
Ал, қазір, мүлдем басқа кезең, басқа күштер әлемге жөн айтып тұр. Әскері ғарышта, одақтасы орманнан көп, идеологиясы сіңіріліп қойған.
Тарих куә, каддафилансаң қазаң дайын, саддамдалсаң сазайыңды тартасың. Сирек металыңды бермесең, сирена ойнағанын байқамай қаласың…
Өкіметіңе жұмсақ қана жымияды. Өзің түсіне бересің. Әр тұрғынның уысында смартфон, ішінде чип, жіптің ұшы мұхиттың астында. Оң қолыңда сотка, сол қолыңда зарядка, өзің үшін әбігерсің…
Қол қойған ұйым көп, келіскен тиым көп. Әр елдің өзегінде өз адамы. Алмаған ақпараты, білмеген құпиясы жоқ, ең соңғы, ең құнды анализ солардың еншісінде…
Қай “көсеміңе” не деп ренжисің…?!
Бұрын “азшылық топтарға” қолдау көрсетіп, “ақпараттық ұжымдарды” қаржыландырып, кез-келген елді “демегендей”, сөз бостандығын “сүйегендей”, жемқорлықты жоюға “ат салысқандай” боп, араағайындық жасап, алашапқын боп жүретін…
Қазір оның да эффектісі ескірген, берер пайдасы болымсыз болғасын, ондай жобалардан да бас тартып, жаңа технология мен жасампаз ықпалдардың жолын ашуда…
“Үйден Марсқа” деген Илон Масктардың заманы туды…
“Ой, бұлар да уақытша, ертең биліктен кетеді, басқалар дәуірлейді” дегенге құлақ елеңдегенмен жүрек сенбейді.
90-шы жылдары елдегі идеологияны басқарған бір көкеме 2010 жылдары әлеуметтік желі жайлы айтқанда, ол кісі де: Ой, мұның бәрі уақытша, ертең ел жалығады. Қайтадан теледидар көріп, радио тыңдаймыз” деген…
Демек, бауырым, эмоцияңды игер!
“Ұрандасаң” лайк басып, “қырам” десең жекеңе хат жазатын желідегі “жеңімпаздардан” іргеңді аулақ салып, болатын тірлікпен айналысу керек…
Құдайға сиын, адамды бағала, балаңды оқыт, әйеліңе жұмсар, отбасыңа уақыт бөл. Қиялдан шық! Қияға өрлеймін десең, қиын болса да еңбек ет. Тіл үйрен, тіл табыс, тіл алғыш баладай тірі ортаға аралас, пайдалан, пайдаңды тигіз…
Бұлшық ет, батыр жүрек емес, ДРОН соғысып жатқан заман…
Табиғи таза күш, сәулелі сана, шынайы шығармашылық тұлға емес, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЕКТ сұранысқа ие боп жатқан заман…
Әлсізге болысу, әділдікке салу, қос дүниені қатар ойлау емес,
АЛДАУ, АРАНДАТУ, АП ҚОЮ алдыға шығып тұрған заман…
Ұнай ма, ұнамай ма, Тоқаевтің айтқанына тоқтау керек, бауырым. Дамимын десең, далада қалмаймын десең;
“ӨКПЕ ҚУМА, БӘЛЕ ІЗДЕМЕ, ДАУРЫҚПА, САЯСИ САУАТПЕН, САЛҚЫН ҚАНДЫЛЫҚПЕН АЛҒА ЖЫЛЖЫ!”
Ойланды ма, жазғаным жақпады ма, әлі жауап берген жоқ…» деп жазды.
Фото интернеттен.