Олжас Бектенов: «е-кино» платформасын жедел іске қосу керек

0
25

Қазақстанның кино өндірісі былтыр 58 пайызға өскен. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші таспа отандық өндірістің туындысы болды. Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан да құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды», — дейді Бектенов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, жобалардың санын көбейтіп, пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керек. Ал жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек.

«Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды. Ол үшін түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін «е-кино» платформасын жедел іске қосу керек», — деп тапсырды премьер.