Жамбыл атындағы кітапханада «Азаттығым мен қазақтығым» атты Дүкен Мәсімханұлымен кездесу өтті

0
106
15 мамыр күні, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, әйгілі ақын, аудармашы, көрнекті қытайтанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Дүкен Мәсімханұлының 60 жылдық мерейтойына орай Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының оқырмандарымен «Азаттығым мен қазақтығым» атты кездесу өтті. Кездесуді кітапхананың меңгерушісі Б.Қ. Дәулетбаева салтанатты ашып берді.
Шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры Н. Мұқаметханұлы, әдебиеттанушы, сыншы, Дүниежүзі қазақ қауымдастығы Алматы бөлімшесінің бастығы О.Әділбекұлы, тәуелсіз журналист Ә.Әшімұлы, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Қ. Қадылғазы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты Ө.Сейсенқұл және студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Кездесуді ақын, журналист Қ. Жұмағұл жүргізіп отырды.
Алғаш сөз алған профессор Н. Мұқаметханұлы мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, Қазақстан тәуелсіздік алғанда отанына оралып, Қазақстанда қытайтану ғылымының дамуы мен қалыптасуына зор еңбек сіңірген, жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз екенін атап өтті. «Д.Мәсімханұлының тәрбиелеген шәкірттері бүгінде әртүрлі жауапты жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарып жүр» деді. Өскелең ұрпақтың бүгінгі кездесуден рухани нәр алып, ұлттық рухының өсетініне сенім білдірді.
Одан кейін сөз алған О. Әбдібекұлы Дүкен Мәсімханұлымен Бейжіңдегі Ұлттар университетінде бір курста оқығанын, Д.Мәсімханұлы қазіргі уақытта қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосқан, шешуші рөл атқарған атақты ғалым болса, студент кезінде де жалынды жырларымен қытай-қазақ жастарының арасында өте танымал ақын болды деді.
Мерейтой иесін құттықтап сөз алған тәуелсіз журналист Ә. Әшімұлы «Дүкеңнің қазақ еліне кеңінен танымал болуына әсер еткен фактордың бірі – әдебиет. Ол әйгілі ақын, мықты аудармашы, жазушы. Өйткені оған бұл қасиеттер атасының қанымен, анасының ақ сүтімен келген» деді.
Одан кейінгі сөз кештің қонағы, мерейтой иесі Дүкен Мәсімханұлына берілді. Шетелде туып-өскен болашақ ғалым, ақын, аудармашы алғаш тарихи отаны туралы қашан және қалай келгенін, Қазақстан алғаш тәуелсіздігін жариялағанын қайда, қалай естігенін және қандай әсерде болғанын қызықты етіп баяндап берді. Тарихи отанына оралған 30 жылда ғылым жолындағы ізденістері, ғылыми еңбектері, ақындығы, ұстаздығы және қытай тілінен көркем аударма жасауға қалай келгені туралы кеңінен әңгімелеп берді. Д.Мәсімханұлының Отан туралы әңгімелері жастардың отансүйгіштік сезімдерінің оянуына үстеме болды. Сондай-ақ өмірінде болған қызықты естеліктерімен де бөлісті. Сөзінің соңында қонақтар мен өскелең ұрпаққа өзінің «Жаншуағым – Отаным» атты поэмасынан үзінді оқып берді.
Жиын барысында шараны жүргізуші Құрманғазы Жұмағұл кеш қонақтарына арнап ән мен жырдан шашу шашты.
Студенттер мен магистранттар кеш қонағының шығармашылығы мен ғылыми еңбектері туралы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толық жауап алды.
Шараның ұйымдастырушысы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Б. Қайшыбекқызы қонаққа жарқын кездесу үшін алғыс айтып, жүрекжарды тілегін білдірді.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы десек, осындай белгілі ғалым, ұстазбен кездесудің болашақ жас мамандарға берер өнегесі мол, маңызы жоғары.