«Талақ» пен «ажырасам» сөзі бірдей ме?
«Талақ» пен «ажырасамын» сөздерінің мағынасы бірдей ме? Бұл сұраққа ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мuftyat.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Талақ – араб тілінде «жіберу, бос қою» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы: «Ол – арнайы сөздермен некелік одақты бұзатын шариғи үкім».
Талақ екіге бөлінеді:
1. Сарих (ашық) айтылған талақ. Бұл ешқандай ниетке қаралмайтын, міндетті түрде әйеліне қаратылып ашық айтылатын талақ. Мысалы «Сен талақсың!», «Сен талақ етілгенсің!» деген сияқты «талақ» сөзінен алынған мағыналас сөздермен болуы керек.
Ханафи мәзһабында ерлі-зайыптылардың арасындағы некелік одақты бұзуға ғана қолданатын сөздер «сарих (ашық түрде айтылған) талақ» болып саналады. Имам әз-Зәйлағи: «Сарих – негізгі мағынасы ашық, тіпті мұрат-мақсаты айқындалған сөз, яғни тура немесе астарлы мағыналы болса да тыңдаушы бір естігеннен түсінетін сөзге айтылады».
2. Киная (астарлап айтылған) талақ. Бұған талақты да, басқа мағыналарды да өз ішіне сыйдыра алатын сөздердің барлығы жатады. Сондықтан бұл сөздер айтылған кезде ниет талақ болған болса ғана талақ түседі, ал ниет талақ болмаса түспейді. Мысалы, ері әйеліне «үйіңе бар» дейтін болса, бұл сөз «ата-анаңды зиярат етіп қайт» немесе «ажырастым, үйіңе кет» деген мағынаны білдіруі мүмкін.
Сондықтан қазақ тілінде ажырасу некені бұзуға арналған сөз болғандықтан талақ сөзімен мағынасы бір саналады.
Фото ашық дереккөзден алынды.