“Мұғалімнің өмірі тозаққа айналып барады”

0
2388

Біздегі білім саласында күн сайын парамен ұсталғандар мен мұғалімдерге қатысты тұрлі жаңалық толастамай тұр.Сондай жағдайдың бірі таяуда ғана жауапқа тартылған, шетелде демалыста түнгі клубқа барған мұғалімдер оқиғасына байланысты еді. Өз ақшасына шетелге демалысқа барып, ол жақта түнгі клубта көңіл көтергені үшін жазықты шыққан қызылордалық мұғалімдер жұмысынан да шығарылды. Себеп?

Себеп сол — мұғалім басымен түнгі клубқа барыпты! Қай ғасырда күн кешіп жатырмыз өзі? Арабтардың жәһилет дәуірінде емеспіз бе, осы? Неге десеңіз, сөз болып отырған мұғалімдер мектептің ішінде, оқушыларының алдында, сынып бөлмесінде шешініп билегендей, оларды жұмыстан қуу не демек? Мектеп ғимаратынан шыққан соң, кез келген ұстаз сіз бен біз секілді жеке өмірін сүруге қақысы жоқ па?

Осы мәселеге орай бірнеше белсенді ұстазымыз пікірін білдіріп, әріптестеріне қолдау білдіруде. “Біреудің тағдырын талқыға салып, буллинг жасап, суицидке баруға дейін апарған директор да оңбас. Қонаққа бару, кино қарау, серуенге шығу, клубқа бару, дискотекаға бару, намаз оқу, шылым шегу, арақ ішу, шет елге қыдыру… бұның бәрі министр Гани Бейсембаев айтқан «Мұғалім 24 сағат бойы мұғалім болу керек» дегенге кірмейді.

Ал бүкіл мұғалімді жұмыстан шығарсын. Бұл жерге келіп, өтірік ұят туралы көлгірсімеңдерші. Балалаларың мықты ма, ешқашан сүрінген жоқсың ба? Қоғамға қауіпті бұл қыздар емес, осы қыздарды жұлмалап жатқандар қауіпті. Өте қауіпті. Ондай адамдар өзімшіл, «мен, мен» дегеннен аса алмайтындар. Қателікті кешіре алмайтындар. Ішінде біреуге өшпенділігі барлар.

Бұл қыздар кісі өлтірген жоқ, бала зорлаған жоқ, ешкімнің отбасын ойрандаған жоқ, ешкімді мүгедек қылған жоқ. Олар да біреудің перзенті. Аяулы қызы, қарындасы, әпкесі. Ақылгөйлер мықты болсаңдар энергияларыңды Бішімбаевқа шашыңдар. Әйелін асқан қадігездікпен өлтірген адам бұл қыздардай суйцидке барған жоқ, өйткені оның ақшасы көп.

Тобырлардың әлсіздерге ғана әлі жетеді. Егер осы қыздарға бір жамандық болса, табалағандарың үлес қосқаныңды ұмытпаңдар!”,- деп жазады Айнұр Сабыр.

Ал танымал белсенді мұғалім Айман Сағидулла осы оқиғаға байланысты: “-Әрі қарай жоспарыңыз қандай? -Докторантураға тапсырамын.  Түнгі клуб үшін жұмыстан шыққан Ақерке қыздың жауабы. Осындай еркін ойлы, білімге құштар, қайтпас қайсарларды ұнатамын.  Аман болсын! Құлаған сайын күш алатын адамдар аз ғой. Айтпақшы, магистратура оқыпты.

Енді докторантураны да шетелге тапсырады екен. Жұмыстан шыққаны оқуға уақыт тауып берді. Бұл жақсылық. Шатаспасам кей министрлерде ғылыми дәреже жоқ деп естідім.  Мына қыз бір күні министр болып келетін болса, қазір жұмыстан шығарғандар мен тілдеп отырғандар не істер екен? Оқи берсе, министр болуы да мүмкін.

Осы қызды аяғынан шалып, намысын жанып, биікке ұмтылуына жол ашып жатқан сияқты көрінеді маған.  Айтпады демеңіздер! Жұмыстан қуып шығарып жіберген соң:»Докторантура оқимын,»-деп отырған қыздың, мына мінезі бір күні жоғарылататыны сөзсіз.

Мінез! Бұл қыз да бір күні өзін қорлағандарға алғыс айтатын болады. Мінезі бар екен. Жарайсың! Кім не десе дей берсін! Мен сенің еркіндігің мен мінезіңді бағалаймын!- деп жазды.

Осыған ұқсас пікірді түркістандық мұғалім, жас маман Аман Бақытұлы да айтып: “Мектептегі жұмысынан шыққан соң, мұғалімнің де жеке өмірі бар емес пе? Жұмыстан шығарардай ауыр қылмыс жасаған жоқ еді сол мұғалімдер.

Әлі жеткеннің бәрі мұғалімді тоқпақтайтын заман болды ғой. Ашығын айтқанда, мұғалімнің өмірі тозаққа айналып барады. Таңның атысы, күннің батысы қағаз арқалау, бітпейтін құжат толтыру, ол аз десеңіз, оқушыңыздың әр қадамына жауапкершілік. Оқушы сүрініп құласа да, мұғалім жауапты. Оқушының миы сабақ қақпаса да, мұғалім кінәлі. Сыныптың әр шегесіне де мұғалім жауапты.

Айта берсек, бітпейді. Ал енді мектептен тыс уақытта көңіл көтерсек те, жауапқа тартылады екенбіз! Оқушыларына қандай тәрбие береді деген “баппен” жауапқа тартыласыз! Бұлай кете берсе, жақында аяғы қисық, семіздерді мектеп жұмысқа алмайтын шығар!? Оқушыларға маймақ, семіз мұғалім қалай үлгі көрсетеді дейтін шығар. Бұл оқиғаға қатысты айтарым абсурд және надандық дер едім!”-дейді.

Мұғалімнің жұмыстан тыс уақытта көңіл көтеруінде әлдебір кінә, күнә бар ма? Сіз қалай ойлайсыз?

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.