Трамп тағы АҚШ-қа президент болады-ау?

0
191

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп сенбі күні республикалық партияның Оңтүстік Каролина штатындағы праймеризінде жеңіске жетті деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Осылайша сарапшылардың бағалауынша, қарашада өтетін президент сайлауында партия атынан кандидат ретінде қатысу мүмкіндігіне тағы бір қадам жылжыған.

Барлық дауысты есептегенде Трамп шамамен 60 пайыз дауысқа ие болған. Оның жалғыз қарсыласы Никки Хейли 39 пайыз дауыс алды. Кейбір сауалнама нәтижесі айырмашылық бұдан да көп болады деп болжаған.

Осылайша Трамп төрт штаттың төртеуіндегі праймеризде сенімді түрде жеңіске жетті. Ендігі дауыс беру 28 ақпанда Мичиганда өтеді. Барлық штатта Трамп сенімді түрде жеңіп келеді.

Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы Никки Хейли осы штатта Трампты қатаң сынап, кампаниясын белсене түрде жүргізген. Өзге мәселелерден бөлек, Хейли Украинаға көмекті ұлғайтуды қолдайды, ал Трамп Ресей басшысы Владимир Путинді сынаудан қашқақтайды. Ол өзі президент болып сайланса, «соғысты бір күнде аяқтауға» дайын екенін айтады. Көптеген сарапшылар Трамп Украинаны Ресейдің шарттарына көнуге мәжбүрлейді деп санайды.

Хейли кампания барысында Трамппен дауыс айырмашылығын айтарлықтай азайта алды, алайда бұл да жеткіліксіз. Трамптың көптеген одақтастары «Хейлидің жеңіске мүмкіндігі аз екенін» алға тартып, оны сайлаудан бас тартуға шақырып жатыр. Алайда Хейли кемінде 5 наурызға дейін кампаниясын жалғастыра беретінін айтты.

Оңтүстік Каролина штатында демократтарда праймериз 3 ақпанда өткен. Іс жүзінде ірі қарсыласы жоқ қазіргі президент Джо Байден ол жерде 95 пайыздан астам дауыс алған.