Қазақстан-Әзербайжан арасындағы келіссөздер жасалды

0
96

11 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға екі күндік сапары басталды. Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің «Загульба» резиденциясына барды. Бұл туралы Ақорданың телеграм-арнасы хабарлады.

Ресми кездесу рәсімі аяқталған соң Каспий маңындағы мемлекет басшылары келіссөз залына өтті.

Келіссөз барысында Әзербайжан арқылы жүк транзиті мен шикізат тасымалын ұлғайту мәселелері талқыланады деп отыр.

Тоқаевтың сапары қарсаңында Әзербайжанның АПА ақпарат агенттігі Қазақстан басшының сұхбатын жариялады, онда Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ, Орталық Азия, Каспий теңізі, Кавказ және Түркия арқылы Қытайдан Еуропаға өтетін көлік дәлізі) маңызын атап өткен.

Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан мен Әзербайжанға да, жалпы аймақ үшін де маңызды жобалар бар. Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігін кеңейтумен қатар, Тоқаев Каспий теңізі түбіне оптикалық талшық байланыс желісі мен энергетикалық кабель тарту, Әзербайжан арқылы мұнай мен уран экспорты, Қазақстаннан Баку нарығына бидай жеткізу жөнінде айтқан.

Қазақстан президентінің айтуынша, 2022 жылы ТХКБ бағыты бойынша жүк тасымалы көлемі екі есеге ұлғайған (2022 жылы — 1,7 миллион тонна), ал 2023 жылы тағы 65 пайызға өсіп, 2,7 миллион тоннаға жеткен.

Одан бөлек Тоқаев Әзербайжанның сыртқы нарықтарға электр энергиясын жеткізетінін әрі еуропалық Global Gateway бастамасының бөлігі — Black Sea Energy деп аталатын жобаға қатысатынын айтып, «Қазақстандағы жаңғырмалы энергия көздерінің орасан зор әлеуетін ескеріп, Әзербайжанның аймақ елдеріндегі энергия жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі бастамасын құптаймыз» деді. Тоқаевтың сөзін АПА мен Report.az сайты жариялады.

Тоқаев Әзербайжан агенттігіне сұхбатында Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан кіретін Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысын мақтады. Тоқаевтың айтуынша, осы бірлестік шеңберіндегі мемлекеттер ынтымақтастығы аз уақытта өз қабілетін көрсетіп, «түркі әлемінің бейнесін жаңа геосаяси шындық ретінде айқындады». «Біздің елдер түркі бағытындағы алты халықаралық ұйымның бәріне мүше, бұл Астана мен Бакудың ТМҰ интеграциясы даму векторын бір бағытта көретініне айқын дәлел» деді Тоқаев.

Халықаралық басылымдардың жазуынша, 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы соғыс бастаған соң Әзербайжан Еуропаға мұнай экспортын ұлғайтуға келісті. Сол жылы желтоқсанда Қазақстан Батыс елдеріне сататын уранды Транскаспий дәлізі бойынша, атап айтқанда Әзербайжан арқылы экспорттай бастады.

Тоқаев Бакуге Әзербайжанда таяуда өткен президент сайлауынан кейін барып отыр. 2003 жылдан бері бұл елді басқарып келе жатқан Ильхам Әлиев биыл сайлауда 92 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жеткен. Оппозиция күштері сайлауға бойкот жариялап, оларды «демократия стандарттарына сай емес» деп мәлімдеді.

Құқық қорғаушылар Әзербайжан билігінің елдегі тәуелсіз БАҚ пен белсенділерге қарсы науқаны жалғасып жатқанын айтады. 6 наурызда Әзербайжан полициясы тәуелсіз Toplum TV телеарнасы, Демократия бастамалары институты мен «Платформа III Республика» оппозиция тобының Бакудегі кеңселеріне тінту жүргізіп, оннан астам журналист пен белсендіні ұстады, одан бөлек Toplum TV кеңсесінің есігіне мөр басып кеткен. Бұл туралы өткен аптада халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы хабарлады. Toplum TV-дің YouTube-арнасы бұзылып, оның контенті жойылғаны айтылды. Құқық қорғау ұйымы мұны тәуелсіз БАҚ-ты жаншу деп бағалады және сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына қол сұғу жөнінде айтты, сондай-ақ Әзербайжан билігінің сыни дауыстарды өшіруге «ашық әрекеті» туралы мәлімдеді.

Фото ашық дереккөзден алынды.