«Жаңа адамдар»: Қазақстандықтар ақшасын қайда көп жұмсайды?

0
171

Қазақстандықтар құмар ойындарға өз денсаулығына қарағанда екі есе көп қаржы жұмсайды екен. Небәрі соңғы үш айдың ішінде Қазақстан азаматтары жүз миллиардқа жуық теңгеге ұтылып қалған деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы “Жаңа адамдардың” мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Соңғы бірнеше жылда елімізде құмар ойындар нарығы үш есеге дейін өсіп,  қоғамның басты әлеуметтік ауруларының бірі лудомания кең етек жайып жатыр. Лудомания отбасыларды бұзады, халықты перманентті экономикалық және тұлғалық кризиске ұшыратып, басқа да тәуелділік түрлеріне, атап айтқанда, маскүнемдік, есірткіге тәуелділік, селфхарманы қоздырып, өзін-өзі өлтіруге дейін алып келеді.

Адамдар оңай жолмен байып кететініне сенгісі келеді. Сондағысы, «сәтті түседі» деген бір ойын. Букмекерлер халықтың осы қалауын өз мақсатына пайдалануға тырысады. Яғни, тез ұтыс және сансыз ақша уәделерімен өзіне тартады, ұтыс тігудің зияндарын айтпай, тек әлеуетті артықшылықтарын алға тартады. Бұл — әділетсіздік. Жай ғана алдау.

Жаңа адамдардың «Ставки на стоп» жобасы Астанадағы танымал букмекер кеңсесінің жарнамалық баннерін құмар ойындарының барлық көрінісін ашатын өздерінің «шындық баннерімен» жауып тастады. Статистика бойынша, құмар ойынға тәуелді адамдардың 40% отбасынан айрылса, 20% түрлі қылмыстар жасауға барады. Әдеттегі құмар ойыншының орта есеппен қарызы 10 миллион теңгені құрайды.

Букмекер кеңселерінің шынайы жарнамасы осылай болу керек.
Ғарифоллаев Мейіржан, Жаңа адамдар белсендісі:
-Қазір елімізде букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу туралы заң талқыланып жатқанын білеміз. Осы алдаумен бар күшімізбен күресіп, адамдарды бұл қауіпті тәуелділіктен алып шығу маңызды. Бір нәрсені түсінуіміз керек: букмекерлік кеңселердің қулығына түсіп қалмау үшін тез әрі оңай жолмен келетін ақшаға сенуді тоқтату керек.

Байлыққа жетудің оңай жолы жоқ. Біздің өзіндік шығармашылығымыз, еңбексүйгіштік пен прагматизм — міне нағыз байлыққа жету жолдары. Шындыққа тура қарай білейік. Букмекерлердің құрығына түспеудің жалғыз жолы — оңай шешімдерге сенуді тоқтату,- дейді.

Фото ашық дереккөзден алынды.