Бишімбаев пен Салтанаттың некесінде қандай сыр бар?

0
837

Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың неке байланысына қатысты журналист Ораз Әлімбеков қызықты жайттың бетін ашты деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы.

Бұл туралы журналист өзінің Facebook парақшасында жазды.  “Қуандық Бишімбаев жауыздықпен өлтіріп тастаған Салтанат Нүкенованың «пешенесіне жазылған» тағдырында айтылмай қалған бір жайт бар. Қуандық бірінші әйелімен ресми ажырасқан. Ал ол Салтанатқа үйленгенде некесін Астанадағы мешітте қидырған (алғашқы некені қай имам қиғанын анықтаймын әлі — авт.), дүркіретіп той жасаған.

Қуандық пен Салтанаттың арасындағы өзара келіспеушіліктің бір себебі некенің мешітте қиылғаны сияқты. Ерлі-зайыптылардың арасында болған кезекті ұрыс-керістен соң Салтанат төркініне кетіп қалады. Ал Қуандық Салтанаттың соңынан іздеп барып, оны бірге тұруға азғырып қайта көндіріп, «анау неке саған аздық ете ме…» дегендей Павлодар мешітінде имамға тағы некесін қидырады.

Алғашқы некеде имам Ханафи мазһабының шартын орындады ма, орындамады ма, оны білмейміз. Ал Павлодардағы мешітте Қуандық пен Салтанаттың неке қиюында «куәдәрміз, куәдәрміз, куәлікке жүрәдәрміз» деп әндететін «пасық емес екі мұсылман» куә болмаған. Имамның өзі неке қия салыпты. Сонда бұл имам Мәлики мазһабының шартымен неке қия салған болып тұр ғой?!! Көріп отырғанымыздай, «қасиетті» екі мешітте екі имам қиған екі неке адамзаттың жаны түршігетін ауыр қайғы-қасіретке алып келді.

Әрине, екінші имам бірінші имамның Қуандық пен Салтанат некесін қиып тастағанын білмеген шығар. Білсе де, ақша берсе неке қиып, жемқорлар мен жауыздарға дұға оқи береді ғой дүниеге тоймайтын ашқарақ молдалар. Себебі, мешіттерде католик шіркеулеріндегідей немесе зайырлы мемлекеттегідей АХАЖ (ЗАГС) жүйесі жоқ, хал актілерін (неке) тіркейтін ортақ база жоқ. Бір имам екінші имамның не істегенін білмейді.

Бір еркек он мешітке барып он әйелмен некесін қидырып алуына болады. Мұндай бассыздықты, қазақ қоғамындағы сексизмді өршітіп отырған ҚМДБ мешіттерін неке қию рәсіміне жолатпау керек. Ал Салтанаттың некесін қиған анау екі имам куә ретінде сотқа шақыртылып, тергелуі тиіс. Олар тән жазасын тартпаса да, жан (моралдық) азасын тартсын!” деп жазады Ораз Әлімбеков.

Фото ашық дереккөзден алынды.