Мен не үшін ажырастым?

1
925

Қазақстан ажырасу бойынша әлемде екінші орынға шыққаны мәлім. Осыған орай сарапшылар мен тиісті мамандар елімізде не себепті ажырасу көрсеткішінің бұлай шектен асып кеткені туралы түрлі негіздерді алға тартуда деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, ажырасудың ең жоғары көрсеткіші Алматы қаласында екен. Ал керісінше төмен көрсеткіш Маңғыстау, Түркістан облыстарына тиесілі. Осыған орай бірнеше қарапайым азаматтың пікірін сұрап, арнайы хабарласып, “ерлі-зайыптылардың ажырасуына ең басты себеп не?” деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Бізбен сұхбатында түркістандық Айжан Мейірбекқызы өз сыры мен пікірін бқлісіп, басынан өткен оқиғасын баяндап берді. “Қазақы менталитет дейміз бе, әлде қанға сіңген әдет пе, бізде отбасын құрған ерлі-зайыптының арасына көбінесе туыстары түсіп, мазасын алатыны бар. Ақыл айттық, білмегенін үйретеміз деп ойлайтын үлкендер жағы екі жастың ығырын шығарып, мезі ететіндерін кейде ұмытып кетеді.

Біз отбасын құрғанда кезде де солай болды. Күйеуімнің әпкелері екі күнде бір келіп, әр ісіме араласып, “оны былай ет, мұны былай ет” деп, менің шаруаларымның ешбірін жақтырмайтын. Бұл аздай, уақыт өте келе бүкіл айналамызға мені жамандап, жексұрын етті. Ең ақыры, бір жылға дейін жүкті бола алмауым да күйеуімнің туыстары үшін пыш-пыш сөз болды.

Әр сөздерінде “бедеу қатын әкелген ақымақ” деп күйеуімді тұқыртатын. Еркек емес пе, күйеуім жұрттың сөзіне төтеп бере алмай, арамызда жиі ұрыс шығатын болды. Кейінірек ондай ұрыстардың соңы қол көтеруге дейін жетті. Бәрінен шаршадым. Мезі болдым. “Біз де басында осылай қиналғанбыз.

Үйреніп кетесің. Балалы болған соң, күшейіп аласың. Ештеңе етпейді. Күйеуімнің туыстары сөйледі деп ажырасудың қажеті жоқ” деп абысындарым ақыл айтатын. Үйленіп, өз өміріңді сүре алмаған соң, ырың-жырыңмен әр күнді өткізген соң, кейін оған үйренудің қажеті қанша?

Күйеуім әпкелерінің сөзіне еріп, тағы бір қол көтерген күні киімдерімді жинап, төркініме кетіп қалдым. Сотқа арыз бердім ажырасуға. Сол кезде жүкті екенімді де білдім. Кешірім сұрап жалынып келген күйеуімнің туыстарына кешірім бермедім. Себебі ол жаққа қайта барсам, сол баяғы тырнақ астынан кір іздеп, түртпектеу қайта басталатыны сөзсіз.

Өйткені қанына сіңген әдеттен ол адамдар арылмайды. Әке-шешем әперген екі бөлмелі пәтерде қызыммен жаңа өмірімді бастадым. Қазір ажырасқанма еш өкінбеймін. Өйткені күйеуімнің туыстарының надан әрекеттеріне төзіп бүкіл өмірімді өткізгенше, миым тыныш, өз қалаған өмірімді сүріп, мамандығым бойынша жұмысымды істеп жүргенім мың есе артық.

“Үйреніп кетесің, көнуің керек, ештеңе етпейді, біз де солай қиналдық” дейтіндер ең қорқақ, ең шарасыз, ақымақ әйелдер дер едім. Бұл өмірге бір рет қана келеміз. Сол өмірімізді әлдекімнің езгісінде өткізуге міндетті емеспіз. Мені осы пікірім үшін жұрттың талайтынын білемін.

Алайда мені сөзбен түйремес бұрын, қойныңызда жатқан күйкуіңіз сізге қорған бола ала ма, отбасылық өміріңізге киліккендер жүйкеңізге салмақ салмай ма деген сұраққа жауап тауып алғаны жөн. Егер бұл сұрақтарға мардымды жауабы болмаса, ондай бақытсыз әйелдерге сөз шығындаудың керегі жоқ деп білемін”,- дейді Айжан.

Елімізде ажырасудың басқа да толып жатқан себептері бар. Сондай себептің бірін келесі мақаламызда тағы бір кейіпкеріміз баяндап береді. Ой қосып, сіз де өз пікіріңізді ортаға салыңыз, оқырман.

Самал МӘДИ,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.