Ердоғанның дәуірі аяқталуға жақын ба?

0
283

Түркияда екінші бір үлкен, әрі маңызды сайлау өтті. Президент сайлауынан кейін әр облыс, аудан, ауылдың әкімдерін сайлау бұл елде үлкен маңызға ие деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы.

Біздегідей емес, Түркияда әкімдердің сайлауы мемлекет басшысының тағын қозғап, тіпті төңкеріп те тастауы бек мүмкін. Өйткені сайланған әкіміңіз президент партиясынан болмаса, күнің қараң деген сөз. Сонымен қатар әкімдерді сайлауды да түрік ағайындар кәдімгідей талас-тартысқа толы саяси науқанға айналдырып жібереді.

“Мен пәлен партияның мүшесімін, сол себепті өз партиямнан шыққан үміткерге дауыс берем” деу Түркияда біздегідей көзбояушылыққа құрылмайды. Түркияда да биліктің әр бұтағында билік партиясының өкілдері көптеп жайғасқан. Десек те, Мемлекет және халық партиясы (Cumhuryet halk partisi CHP) өкілдері де өз еселерін жібермеуге барынша тырысуда.

Естеріңізде болса, Түркия президентінің сайлауында Кемал Қылышдароғлы мен Тайып Ердоған текетірескен болатын. Міне, сол Қылышдароғлы СНР партиясының көсемі еді ол кезде. Алайда президенттік сайлаудан кейін ел сенімін жоғалтқаны үшін Қылышдароғлы төрағалықтан кетті.

Әкім-қараларды сайлау науқанында тек талас-тартыс қана емес, кей аймақтарда ұрыс-төбелес те орын алған. Биліктің “Ақ партиясы” мен СНР жақтаушылары үшін кешегі түн ауыр өтті десе болады. Түркия тарихында 47 жылдан соң  Ататүріктің құрған СНР партиясы жеңіс тұғырына қонды.

“Бұл дегеніміз Ердоған дәуірінің ақыры келді дегенді білдіреді”,-дейді стамбұлдық Ибрагим Чакрыоғлы. Бізбен әңгімесінде Барыш Текбудак та: “Ақ партия әлсіреп, Ататүріктің партиясының жеңіске жетуі- Түркияның жаңа, жарқын болашаққа басқан алғашқы қадамы деп санаймын”,-дейді.

Ал кониялық Ердем Демир: “СНР партиясының жеңісі алдағы болатын үлкен сайлауларда Ердоғанның Ақ партиясын есеңгіретіп жіберу ықтымалы артқанын көрсетеді. Демек, көп ұзамай Түркияда ұлкен саяси өзгерістер болуы бек мүмкін. Себебі Ердоғанның тағына тықыр таяды”,-дейді.

Фото ашық дереккөзден алынды.