Бишімбаев: “Маған қарғыс айтсаңыз да болады”
Экс-министр Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“Маған қандай да бір сөз айту қиын. Мені кешіреді деп те ойламаймын. Бірақ кешірім сұрау — менің адами парызым. Бұл орны толмас қайғы екенін және оған менің қатысым барын білемін. Мен кінәмді мойындамаймын деген сөзімді түсіндіре кетейін. Мен әдейі, аса қатыгездікпен өлтірді деген сөзбен келіспеймін”, — дейді Бишімбаев.
Сот кезінде Салтанат Нүкенованың анасы эмоциясын жасыра алмай, Бишімбаевқа қызын бірнеше сағат бойы азаптап өлтіргенін айтты.
“Мен бұл сезімді түсінемін. Сіз мені жеккөріңіз, тіпті қарғыс айтсаңыз болады. Бірақ тағы айтамын Құдайдың алдында, сіздің алдыңызда және бәрінің алдында жауап бере аламын. Ал қасақана өлтіру бойынша тағылған айыпты мойындамаймын. Менің ойымда, жоспарымда да мұндай мағынасыз әрекет жасау болмаған. Мен Салтанатты жақсы көрдім. Оның өліміне қатысым бар екенін мойындаймын”, — деді Қуандық Бишімбаев.
Еске сала кетейік, осыған дейін Қуандық Бишімбаевтан тағы жауап алынатыны туралы жазғанбыз.
Осыған дейін БАО мейрамханасында бармен болған Абылайхан Ерденов экс-министрдің сол күні қандай күйде жүргенін айтқан еді.
Сондай-ақ өткен аптада Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары марқұм Салтанат Нүкенованың ағасына бірқатар сұрақ қойған болатын. Сол сотта Нүкенованың ағасы қарындасының көгерген бет-жүзінің фотосуретін көрсеткен еді.
Фото ашық дереккөзден алынды.