Футболымыз қорланбасын десек…

0
178

Қазақстан футболына Отандық мамандар керек деген сөзді айта-айта шаршадық деп жазады депутат Самат Нұртаза өзінің Facebook парақшасында. Сонымен қатар ол қазіргі қазақ футболына қатысты басқа да проблемаларға тоқталды.

“Кезінде бразилиялықтарға азаматтық бере жаздадық, ол аздай әр клубта 3-4 шетелдік маман жүреді, миллиондап жалақы алып. Соның барлығы Отандық футболдың дамуын тежейтіні сөзсіз.

АнтиКорр Қазақстан Футболындағы былықты тексеріп жатыр деген сыбыс естілді. Мән-жәйін АнтиКоррдың ресми өкілі айта жатар. Бірақ ұзынқұлақтың айтуы бойынша, шетелдік мамандардың келуіне біздің Қазақстан футболындағы функционерлер мүдделі екен. Себебі шетелдікке берген “қияли жалақының” 20-30% біздің қаракөз жемқор өз қалтасына басады-мыс.

Сол шетелдік мамандардың “пірі” Рохус Шох деген ақпарат шығып жатыр. Бір емес, бірнеше футбол топ-менеджмент өкілдері солтүстік көрші жақтан келіп жатыр. Шохтың айналасына шоғырлануда. Үй ішінен үй тігу қаншалықты ақылға сыйымды құбылыс?

Отандық футболдың қорланғанын көрген буынның өкілі ретінде (Қазақстан-Беларусь 1:5, Қазақстан-Түркия 0:6 ойындарын өз көзіммен көргем) айтарым, біздің футболды өз мамандарымыз алып шыға алады. Шетелден бір сиқыршы келіп, ауыл-аймақтан Месси-Роналдоларды табады деген далбаса.

Өз басыма Европаның орташа елдерінің асықпай дамыған жолы ұнайды. Тура сол жолды Қазақстан да пайдалану тиіс. Кезінде Венгрия деген “бақытсыз” ел болатын. Югославияға 0:5, Финляндияға 1:7, Германияға 0:8 ұтылып жүрген. 90-шы жылдары Венгрия Үкіметі өз футболын “Венгрияшыл” жолға салды. Нәтижесін көріп отырмыз. Қазір Венгрияға түскен команда Құдайға сыйынады.

Жалпы мысалдар көп. Топ-менеджментты “Made in Kazakhstan” жасамай, күніміз бұлыңғыр. Отандық футболымызға көрші елдерден керексіз, формальды, номиналды мамандар кіріп-ақ кетті. Соны неге жөндемеске. Жөндеу керек”,-деп жазады депутат.

Фото ашық дереккөзден алынды.