Мешіт іздеген мұсылманды айыптау дұрыс емес

0
209

Қазір халықтың иманын әлсірету үшін дінге қарсы саясат жүріп жатқандай. Бұл халық арасына жік салып, қазақты қазаққа қарсы қойып, бірлігімізге сызат салуда. Ол үшін белгілі бір күш пен топ ақпараттық айқас жасап келеді.

Қит етсе, орамал, сақал дегендерді желеу етіп, дүниелік дамудан кенде қалған араб елдерін мысалға алады. Ислам олардың бірдеңесін ұрлап, бүлдіріп жатқандай одан қатты қорғанады.

Араб елдері дамымаса, оған Ислам дінінің еш қатысы жоқ. Дәл сол сияқты кейбір елдердің де кереметтей дамуы Ислам дінінің болмағандығынан деп айта алмаймыз.

Дінге деген теріс көзқарас қалыптастырушылар — пиғылы бөтен пенделер. Мақсат-мұратына ислам арқылы жетуге ұмтылып жүрген қой терісін жамылған қасқырлар.

Дін қоғам дамуының, өркендеуінің кепілі емес. Билік пен басқаруға ұмтылған саяси күш те емес. Ол сондай-ақ ғылым мен білімнің де бәсекелесі емес.

Дін, бәлкім адамның ақыл-санасы жетпейтін тылсым әлем, терең түсінік. Адамдық пен имандылықтың өзегі. Жаратушыға жеткізетін жол, сенім. Ол бізге емес, біз оған мұқтажбыз.

Адамның кемелденуі үшін руханият пен білім тең дәрежеде қажет болса, театр, мешіт, оқу орындарының да миссиясы бөлек болғанымен маңызы бірдей. Сол үшін мектеп пен мешітті таңдауға салу дұрыс емес. Мектепті үкімет салса, мешітті демеушілер салады. Яғни, мектеп сияқты ол ел бюджетінен салынбайды.

Лондонда 1500, Нью-Йоркте 257 мешіт бар екен. Оған саясат та, халық та қарсы емес. Ал мұсылман даласында өскен адамдардың мешіт іздеуі заңдылық. Ол үшін айыптау дұрыс емес.

Өмірлік бір мысал. Жуырда, денсаулық жағдайына байланысты білімді үйден алып жүрген бір оқушы 2 жылдан соң беті бері қарап, дәрігердің сараптамасынан кейін мектепке қайта оралыпты. Балақайдың қуанышында шек жоқ дейді. Алайда, сағатымыз қысқаратын болды деп оқушының мектепке келгеніне кейбір мұғалімдер ренжіпті. Рухани азғындық, адамдықтан безгендік деген осы болар…

Қорыта айтқанда, дін — тәрбие, ақыл-сана, әдеп, адалдық, тазалық… Онсыз, осындай “мұғалімдердің” көбейгені көбейген… Адамнан иман кетпесін. Бөлінбейік. Қазақтар — біз біртұтаспыз.

Ертай Нүсіпжанов парақшасынан алынды.