Успен ауданының тұрғындары су тасқынына қарсы шаралар жайлы айтып берді

0
129

Облыстық төтенше жағдайлар басқармасы мен жергілікті атқарушы органдардан жалпы 30-дан астам техника жіберіліп, 100-ден астам адам жұмылдырылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданы әкімінің орынбасары Талғат Бешенбаевтың айтуынша,  ауданда су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілуде.

– Еріген қар суының салдарынан зардап шеккен 41 отбасы болған. Олардың ішінде кейбір үйлерге су көбірек кірсе, кейбір отбасылардың қорасына ғана, үйлердің қасында орналасқан ғимараттарға кірген. Облыс әкімінің қолдауымен барлық зардап шеккен отбасыларға бюджеттік емес ұйыммен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдары бюджетінен қаржылай көмек көрсетілді. Ешбір отбасы сыртта қалған жоқ, жағдай толығымен бақылауда, – дейді Талғат Бешенбаев.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бірі Надежда Фоменконың бұл жерде тұрып жатқанына 40 жыл болған.

– Мұндай жағдай болады деп күтпеген едік. Себебі, қар аз жауған еді.  Тас жолынан су келе бастағанда қатты шошып кеттік.  Тәулік бойы есікті ашпай отырдық, су табалдырықтан жоғары көтерілді. Жертөле мен ас үйдің іші суға толды, – дейді ол.

Зейнеткердің айтуынша, арнайы комиссия құрылып, тұрғындар мен еріктілер күні-түні жұмыс істеген.

– Мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатқанына ризашылығымызды білдіреміз. Ақша жеткенше істейміз, қалғанын өз күшімізбен қалыпқа келтіреміз.  Біздің еденнің астында ғана су көтерілді. Қалғандарының жағдайы одан да қиын болды, –  дейді Надежда Фоменко.

Азима Арынова «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге келіп, баспана сатып алған.  Ол бөлінген қаражаттың жөндеу жұмыстарына жете ме  екенін мамандар есептейтінін айтады.

– Үйіміздің несиесі әлі толық өтелмеген. Өтініш жазғаннан кейін облыстық бюджеттен келесі күні лезде қаражат түсті.  Жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жүргіземіз. Мұндай апат болады деп кім ойлаған? Дегенмен, барынша жедел жұмыстар атқарылып жатқанына ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың материалдық шығындары толықтай өтелді. Облыс бойынша құрылған арнайы комиссия шешімімен барлығы 125 отбасыға түрлі деңгейде шығын есептелді. Бүгінгі таңда 120 отбасыға 97 млн теңге көлемінде өтемақы берілді. Қалпына келтіруге жарамайтын Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылындағы бес үй жаңадан салынады.

Арнайы комиссия сәуір айының соңына дейін өз жұмысын жалғастырады.