ҚМБД: Азаматтық неке — харам, зина болып табылады

0
159

ҚМБД “Азаматтық некеге” байланысты түсініктеме беріп, арнайы пәтуасын жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.ақпараттық порталы.

Кейбір оқырмандар Қ.Бишімбаев пен С.Нүкенованың некесіне қатысты ҚМДБ жариялаған мәлімдеме мәтініндегі «азаматтық неке» ұғымын дұрыс түсінбей, сұрақ жолдауда. Осыған орай азаматтық неке үкіміне қатысты ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі шығарған пәтуа мәтінін тағы да жариялап отырмыз.

Соңғы кезде қоғамда ер мен әйелдің ерікті түрде бір-бірін сынау мақсатында некесіз қосылып, ата-ана, туған-туыстарына жарияламай ерлі-зайыпты болып бірге тұратын «азаматтық неке» ұғымы пайда болды. Кейбіреулер оны «еркін махаббат» немесе «іс жүзіндегі неке» деп те атайды. Алайда некесі қиылмаған «азаматтық неке» шариғатта некесіздікке жатады.

Себебі, АХАТ бөлімінде ресми тіркелмей немесе мұсылманша неке қиылмай жақындасу зина ұғымына кіреді. Осылайша, екі тарап «ерлі-зайыпты болуға дайындық, тәжірибе» деген желеумен ауыр күнә болып саналатын зинақорлықты ақтауға тырысады. Негізінде мұсылман шариғатында халал мен харам анық ажыратылып көрсетілген.

«Азаматтық некенің» шариғатқа қайшылығы мынадай:

1.Азаматтық некеде неке қиылмай ер мен әйел төсек қатынасына барады. Ал неке қиылмай төсек қатынасына бару шариғи тұрғыдан зинаға жатады. Зина шариғатта үлкен күнә болып есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде зинаға мүлде жоламауды қатаң ескерткен: «Зинаға мүлде жоламаңдар. Шын мәнінде, ол – анық арсыздық әрі ең жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят).

2.Азаматтық некенің салдарынан дүниеге келген бала ойнастан туған болып есептеледі.

3.Дүниеге келген сәби шариғи тұрғыдан мұрагерлік, қамқорлық құқықтарынан айырылады.

4.Сәбидің ата-анасы шариғат бойынша зинақор деген атауға ие болып, Алланың құзырында ауыр есепке тартылады.

5.Отбасылық жауапкершілік сақталмайды. Негізінде, ер-азаматқа отбасын асырап-бағу, нәпақа табу міндеті жүктеледі. Ұрпақ тәрбиесі, үй шаруашылығы әйелдің еншісінде. Ал азаматтық некеде мұндай жауапкершілік мүлде сақталмайды. Олар бар болғаны бір-бірін сынау, тәжірибе мақсатымен ғана бірге тұрады.

6.Жетесіз нәсілдің қалыптасуына септігін тигізеді. Себебі, қазақ жұрты өзінің тегін, ұлтын білмейтін ұрпақты, жеті атасын білмегенді «жетесіз» деп атаған.

ҮКІМ:

1.АХАТ бөлімінде ресми тіркелмей немесе мұсылманша неке қиылмаған «азаматтық неке» – зина болып саналады.

2.Жоғарыда аталған теріс сипаттағы «азаматтық некенің» шариғаттағы үкімі – харам.

3.Мұсылман баласы арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәдан аулақ болуы тиіс».

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

Фото ашық дереккөзден алынды.