Тәңіршілдікті ресми дін ретінде тіркетпек

0
488

Тәңірлікті ресми дін ретінде тіркеу бойынша петиция жарияланды деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық поталы DalaInsıde Телеграм арнасына сілтеме жасап.

Алматы тұрғыны, руника зерттеушісі Ерлан Еспенбетов «Тәңір Елі» республикалық діни бірлестігін ресми тіркету бойынша және Тәңірлікті Ислам, Христиан, Иудаизм мен Буддизммен қатар Қазақстанда мойындалған дін ретінде қарастыруға қатысты петиция жариялады. Қазір оны 693 адам қолдаған. Петиция Алаш Онлайн сервисінде жарық көрген.

Бұл ретте, біршама заңдық қателіктер байқалады. Тәңірлікті адекватты, заң жолымен тіркетуге петицияның қажеті жоқ. Ол үшін Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Дін істері комитетіне бекітілген тәртіппен тіркелу керек. Екіншіден, Қазақстан Үкіметі тек «Е-Петиция» (epetition.kz) сервисінде жарияланған петицияларды ресми деп таниды. Сондықтан Алаш сервисінің заңдық күші жоқ.

Негізі Тәңірлік конфессионалды дін бола алады. Тек оның дін болғаны қазаққа керек пе? Наным, ішкі ұстаным ретінде әлдеқайда таза, кіршіксіз көрінетін сияқты. Догмалық діндерге кір жұғады, себебі олар күнә мен жаза, ізгі іс пен марапат системасына негізделген. Ал Тәңірлік наным ретінде догмадан ада, сондықтан оған кір жұға бермейді.

DALA INSIDE кезінде бұл тақырыпты зерттеп көрген болатын. Біздегі тәңіршілдерді негізінен үш бағытқа бөлуге болады.

Секталық, діни сипатта даму керек дейтін топ. Бірақ, олар көп емес. Ол секта исламның қағидаларын қазақшалап алып, соны таратуда. Мысалы, “Амин” дегенді “Өмін” деп бет сипатады.

Тәңірлікті саяси қозғалыс ретінде көретін топ. Бұлар секта емес, ұлттық партия жолымен жүргісі келеді. Олар да аз.

Этнозерттеушілер тобы. Олар тәңірлікті дін деп қабылдамайды. Олар үшін бұл байырғы көшпелілер дүниетанымы ғана. Олар осы дәстүрді сақтап қалуға тырысады.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.