Қазақстан «қара тізімнен» шықты
Еуропалық одақтың авиациялық билік өкілдерінің қатысуымен Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитетінің отырысы өтті, — деп хабарлайды Democrat.kz.ақпараттық порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Комитет отырысында көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған Қазақстан тарапы елдегі ұшу қауіпсіздігі жөніндегі істердің жай-күйін тыңдады.
Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен комитет отырысында қазақстандық делегация бұрын анықталған ескертулерді жою үшін қандай жұмыстар жүргізілгенін айтты. Мұны Еуропалық комиссия оң бағалады.
«Еуропалық одаққа мүше 27 мемлекет қабылдаған комитет отырысының шешіміне сәйкес, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі елеулі прогресті ескеріп, қазақстандық тасымалдаушылардан Еуропалық одақ елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеу алынып тасталды», — деп жазылған хабарламада.
Биыл 30 мамырдағы Еуропалық комиссияның ұтқырлық және көлік жөніндегі бас директоратының авиация департаментінің директоры Филип Корнелис жіберген хатта «Еуропалық комиссия Қазақстанға күшейтілген мониторингін тоқтату туралы шешім қабылдады» деп жазылған.
ЕО сарапшылары отандық авиация саласындағы сертификаттау, бақылау және қадағалау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі, ұшу жарамдылығын қолдау, авиация қызметкерлерін оқыту және лицензиялау саласында айтарлықтай жетістік барын атап өтті.
Айта кетейік, 2022 жылы отандық әуе компаниялардың Еуропалық комиссияның қара тізіміне ену қаупі жоғары болды.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.