Лудоманиямен күрес

0
199

5 маусым күні ҚР Парламенті Мәжілісінде Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заң жобасы бойынша баяндады.

Құмар ойынға тәуелділікпен күресті күшейту жөніндегі жоба аясында депутаттар бірнеше қатар түзетулер қабылдады: мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады; онлайн-казинолардың қызметін ұйымдастырғандарға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі; Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады; жаңа заңда лотерея билеттерін тарату ережелері белгіленеді.

Түзетулерге сәйкес қазақстандықтардың белгілі бір тобына құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынады. Олардың қатарында 21 жасқа толмаған азаматтар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген (6 айдан 10 жылға дейін), сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне сәйкес өтелмеген міндеттемелері бар тұлғалар кіреді, — деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің Telegram  желісіндегі ресми арнасы.

Бұл қатарда мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері де бар. Олар тыйымды бұзғаны үшін жұмыстан босатылады.

Заңды тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына алғашқы үш санатқа рұқсат бергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін – лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жазасы қарастырылған.

Сондай-ақ, ойын бизнесі туралы заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салады.

Дегенмен букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі.

Бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады.

Сонымен қатар түзетулерде ұялы байланыс операторларына электронды казинолар, онлайн-казинолар, сондай-ақ халықтың абоненттік құрылғыларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салу көзделген.

Ал лотерея билеттерін, оның ішінде электронды билеттерді тек лотерея операторы мен агенті арқылы таратуға болады. Оларды сатуға лотерея терминалдары, стационарлық емес сауда объектілері, пошта операторының пошта байланысы филиалдары және лотерея операторының филиалдары арқылы рұқсат етіледі.

Бұл ретте тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, діни ғимараттар мен құрылыстарда лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады.

Естеріңізге сала кетейік, құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жаза ретiнде 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ҚР Парламенті Мәжілісінде ұсынылды.

Фото интернеттен алынды.