“Ешбір қазақтың бұлай сөйлеуге қақысы жоқ” дейді

0
1833

Әлеуметтік желілердің біріне жүктелген мына видео алдымыздан шыққанда, ә дегеннен не болғанын түсінбей қалдық. Бір орыс тілді әйел пойызды басына көтеріп, айналасындағыларға ақыл үйретіп жатқанын көрдік.

Түсінгеніміз. Пойыздағы жолаушы  қыздар өзара Украина туралы сөйлесіп отырған. Олардың әңгімесі келесі жолаушы орыс әйелдің “жанына қатты батқаны” сонша бүкіл пойызды басына көтеріп, көгереңдейді.

“Ешқандай қазақ орыстар бар жерде әзіл болса да, мұндай сөздерді айтпауға тиіс!” деп бақырған әйел қарсысында тұрған полиция өкілдеріне де боқтық сөзді бұрқыратты.

Бірнеше қазақ азаматтарының ешбірінің басу айтқан сөзін құлаққа ілмеген ашулы әйелді соңында полиция пойыздан түсіріп жатты.

Осындай оқиғалар жазасы беріліп жатса да, тоқтайтын емес. Ата-бабасы қазақтың топырағында жерленгеніне қарамай, бұл елдің негізгі ұлты, осы жердің иесі саналатын қазаққа қарсы шығу, қазақты қорлау, сыйламау әдеттері өзге ұлт өкілдерінің қанына сіңіп, жаттанды әдетке айналуының сыры неде?

Мемлекетті құраушы ұлт өкілін өзінен төмен санау, менсінбеу өршіп кеткені — бәлкім заңымыздың солқылдақтығынан ба екен? Қай елдің халқы өзін мұнша қорлатып, езгіге төзіп отыр?

Көрші жатқан Ресейге табаныңыз тиген сәтте-ақ мемлекет құраушы ұлт өкілдері кім екеніңізді “есіңізге салып” ашықтан-ашық кемсіте береді. Өзбекстанда өзбек тіліне қарсы шығу былай тұрсын, өзбекше білмейтін басқа ұлт өкілдері жоқ.

Тәжікстан, Түркіменстан туралы айтудың өзі артық. Ал 5-6 миллион ғана қырғызы бар бауырлас ел Қырғызстанда өзге ұлт өкілдерінің бұлай тепсініп, басынғаны туралы хабарды көрдіңіз бе?

Өкінішке қарай, 4-5 млн өзге ұлт өкілі, 14 миллион қазағы бар Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің осындай әрекеттері көбеймесе, тоқтар емес.

Democrat.kz.ақпараттық порталы. 

Фото видеодан скрин жасалды.