ШҚО-ның екі тұрғыны билікті басып алу және сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға сотталды

0
121

Өскемен қалалық №2 сотының шешімімен Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар мен үгіт-насихаттары үшін сотталды, — деп хабарлайды ШҚО прокуратурасы.

Тергеу барысында аталмыш тұлғалар 2024 жылдың ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы сенімдері мен идеяларын білдіргені белгілі болды.

Референдумда оң нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда облысты күштеп басып алуды насихаттады.

Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкініш білдірді.

Мемлекеттік айыптаушы сотта олардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Заңды күшіне енген сот үкімімен жоғарыда аталған тұлғалар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері құқық қорғау және арнайы органдардың ерекше бақылауында.

Фото интернеттен алынды.