ҚТЖ банкрот болуы мүмкін

0
127

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бүгінде «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның қарызы шамамен 3 триллион теңгеге жетіп, банкрот қаупі төніп тұрғанын айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Соңғы 4 жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге бөлінген, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 миллиард теңге жұмсалған. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған», — деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, 2020-2023 жылдары магистральдық, стационарлық және кірме жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін 4 мыңнан астам бұзу фактісі тіркелген. Тек 2023 жылы жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағатт болды немесе 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен.

Төрағаның пікірінше, «ҚТЖ» тиімсіз басқарырылып отыр. Салдарынан компанияның қаржылық жағдайы мүшкіл.

«Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде күнін әрең көріп отыр. Барлық табысы жоғары қызметтер меншік компаниялардың қолына берілген. ҚТЖ-ның айналасындағы артық делдалдарға ыңғайлы жағдай жасалып, сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын 80 миллиардтан астам теңгеге көтерген», — деді ол.

Әлихан Смайылов нақты дәлелдер келтірді.

«Мысалы, 2018 жылдан бері жеке тасымалдаушылардың магистральдық теміржол желісіне қол жеткізу жөніндегі пилоттық жоба күткен нәтиже бермеді және ҚТЖ табысының айтарлықтай азаюына әкеп соқты. Жеке жүк тасымалдаушылар мұнай және мұнай өнімдері сияқты пайдасы көп тасымалдарды, сондай-ақ электрлендірілген учаскелерде пойыздың құрамын толық толтыратын маршруттарды иеленген.

Жеке жүк тасымалдаушылардың тарифтері жоғары. Жекелеген жағдайларда 32 пайызға, оның ішінде іс жүзінде жоқ шығындарды қосу есебінен асырылған. Бұл түпкілікті тұтынушы үшін тауар тасымалдау құнына айтарлықтай әсер етеді», — деді төраға.

Ол бұл мәселеде тарифтерді реттеу жөніндегі уәкілетті органның позициясы әлсіз деген пікірде.

«Тарифтеу тәсілдері әділ болуға тиіс. Сондай-ақ жеке теміржол тасымалдаушыларының одан әрі жұмыс істеу орындылығын қайта қарастыру қажет. 2020-2023 жылдары ҚТЖ жүк айналымының 73 пайызы өзіндік құнынан төмен тарифтермен тасымалданған.

Реттелетін тарифтер бойынша шығындар — 907 млрд теңге. Оның жартысынан астамы – экспорт бойынша. Бұл ретте экспортқа арналған реттелетін тарифтердің деңгейі республика ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тасымалдау тарифтерінен төмен. ҚТЖ-ның барлық шығыны негізінен транзиттік табыс есебінен жабылады. Бұл — экономикалық жағынан қисынсыз. Бірде-бір кәсіпкер өз қызметін қайырымдылық принципі бойынша жүзеге асыруға мүдделі емес. Бұл — банкроттыққа апаратын төте жол», — деді төраға.

Әлихан Смайылов қазір «ҚТЖ-ға» банкрот қаупі төніп тұрғанын ашық айтты.

«Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңге болды, ол әлі де өсіп жатыр. Жалпы борыштың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған», — деді ол.

Сөз соңында төраға «Самұрық-Қазына» АҚ бұл мәселені тез шешу үшін тиісті шешімді қабылдау керегін атап өтті.

«Қаржылық және техникалық жай-күйді сауықтырудың нақты мерзімдерін айқындап, ҚТЖ компаниялар тобының шығындарын оңтайландыру қажет. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қазіргі корпоративтік басқару әдістері мен даму стратегиясы еліміздің Ұлттық теміржол компаниясының дағдарысын болдырмауға қабілетсіз.

Активтердің жай-күйінің нашарлауы, борыштардың өсуі және оларды уақытылы қайтару мүмкіндігінің болмауы басқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз ҚТЖ-ны дефолтқа ұшыратады», — деді Әлихан Смайылов.

Фото интернеттен алынды.