Мәңгүрт ұрпақ-қазақ ұлтын жоймасын десеңіз…

0
563

Олардың өз мектебі, өз балабақшасы, өз баспасөзі, өз интернет рессурстары, өз әнші-әртісі, өз ақын-жазушысы, өз ортасы, қазақтілділерден бөлек өз әлемі бар.

Олар “үй ішінен үй тігіп” күндердің күнінде қазақтілді қазақтан бөлініп, жеке ел болып кетпей ме?

Белгілі журналист, әдебиет сыншысы Әмірхан МЕҢДЕКЕ осындай ой тарқатады.

Келісесіз бе? Алдымен бұл мақаланы мұқият оқып шығыңыз. Сосын, өз ой-пікіріңізді қосыңыз!

“Біз қазір «Қазақтар қазақтілді және орыстілді болып екіге бөлінді» деп оп-оңай айта салатын болдық. Бәлкім, көз үйреніп, етіміз өліп кеткендіктен бе, осы қасіретті құбылысқа да тым жеңіл, үстірт, бейғам қараймыз.

Шын мәнінде, қазіргі қазақ ұлтының басындағы тілге байланысты ауыртпалықты ешкімге, ешбір ұлтқа, ешбір халықтың басына бермесін. Бұл ауыртпалықтың алапаттығы соншалық, мұны қазақ халқының басынан өткен әйгілі «Ел айырылған» оқиғаларымен теңестіруге, салыстыруға әбден болады.

Мәселен, XV ғасырда Әз Жәнібек пен Керей хан Әбілхайыр ханнан бөлініп, іргесін ажыратты: соның нәтижесінде Әз Жәнібек пен Керейге ілескендер «қазақ» атанып, Әбілхайыр ханның айналасында қалғандар басқа ұлтқа айналды. Солай ғой? Солай. Дәл осыған ұқсас қазіргі күні де қазақ ұлты екіге жарылып, екі ұлтқа айналды.

Айтпақшы, біз осы жерде мына бір жайтты айта кетуді ұмытып барады екенбіз. Әйгілі «Ел айырылған» оқиғалары тұсында айырылған ел бірін-бірі іздеп, бірін-бірі жоқтап, бірін-бірі сағынып, бірін-бірі көпке дейін ұмыта алмағаны да белгілі (бұл да – ортақ энтелехияның көрінісі).

Ал, бүгін сағыну былай тұрсын, іздеу, жоқтау былай тұрсын, ұмытпау былай тұрсын, дәл қазір қазақ ұлты бірін-бірі іздемейтін, бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі ұқпайтын, бірін-бірі жатырқайтын, бірін-бірі бөгде санайтын, бірінің айтқаны екіншісіне ерсі көрініп тұратын не болмаса екіншісінің айтқаны біріншісіне оғаш боп көрінетін, бірімен-бірі ортақ тіл табыса алмайтын бөлек-бөлек екі ұлтқа айналды.

Бұл ұлттың бірі қазақтілді қазақтар болса, екіншісі – орыстілді қазақтар. Қазақтілді қазақтарды «байырғы қазақ ұлтының бүгінгі көзі, бүгінге жеткен жұрнағы, қара шаңырақ иесі» деп қабылдасаңыз, ал, орыстілді қазақтар туралы бұлай деп айта алмайсыз.

Бұларда қазаққа тән, қазақтыққа тән ешқандай сипат, ешқандай із, ешқандай жұрнақ, ешқандай белгі-бедер жоқ: ұлттық тіл жоқ, ұлттық түйсінім жоқ, ұлттық сезінім жоқ, ұлттық тұшыным жоқ, ұлттық түп-тамыр жоқ, ұлттық өріс жоқ, ұлттық діл жоқ, ұлттық рух жоқ, ұлттық тін жоқ, ұлттық намыс жоқ…

Демек, «орыстілді қазақтар» дегеніміз – мүлде жаңа қауымдастық, қазақ ұлтының ұзақ жылдар бойы бодандық пен отарлықта болуының кесір-керінен пайда болған жаңа ұлт, жаңа халық. «Үйдің ішінен үй тігілді, ұлттың ішінен ұлт пайда болды» дегеніміз де осы…

Осы жерде оқырмандарымыздың біразы «Қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтар қалай ортақ тіл табыса алмайды? Мұныңыз енді асыра сілтеу емес пе?» деуі де мүмкін. Рас, күнделікті күйбің тіршілікте, жайшылықта қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтардың ортақ тіл табысуы (біріне-бірі қарыз беруі, қайырымдылық жасауы және т.т.) бек мүмкін.

Ал, енді, жағдай күрделеніп, шиеленісіп, өшіп, елдік мәселеге, мемлекеттік мәселеге, ұлттық мәселеге келіп тірелгенде, орыстілді қазақтардың жалт беретініне ешбір шәк келтірмеуіңізге болады.

Мәселен, «Қазақстанда орыс тілінің ресми тіл мәртебесі жойылып, тек қазақ тілі ғана әрі мемлекеттік, әрі ресми тіл болсын! Осыған қалай қарайсыз?» деген сауалнама жүргізілсінші, орыстілді қазақтардың бірде-біреуі орыс тілінен ресми тіл мәртебесі алынып тасталғанын қаламайды әрі қолдамайды.

Неге? Өйткені, қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтарда ортақ энтелехия (ортақ рухтастық, ортақ тілеулестік, ортақ мүдделестік) жоқ. Ортақ энтелехия жоқ жерде ортақ ештеңе жоқ!

«Билік пен халықтың арасы алшақтап барады» деп жиі айтамыз ғой. Сол сияқты қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтардың арасы да күннен-күнге алыстап, алшақтап барады. «Неге?» дейсіз ғой енді сіз.

Өйткені, Қазақстанда орыстілді қазақтардың жаңа ұлт, жаңа халық ретінде өмір сүруіне (яғни, бір ұлттың бірін-бірі түсінбейтін екі ұлтқа айналуына) барлық қажетті жағдай жасалған: орыстілді қазақтардың өз балабақшасы (орыстілді балабақша), өз мектебі (орыстілді мектеп) бар.

Бұлардың саны да қазақтілді балабақша мен қазақтілді мектептен әлденеше есеге көп. Өз ақын-жазушылары бар (кілең орыс тілінде жазатын қазақтар). Өз әртістері, өз әншілері, өз кинофильмдері, өз ансамбльдері, өз театрлары, өздерінің күлдіргі топтары мен ойын-сауық отаулары бар (Мәскеу мен Санкт-Петербордан арнайы шақыртылып жатқандардан бөлек).

Өз телеарналары, өз телебағдарламалары, өз газет-журналдары бар (газет-журналдарының саны қазақтілді газет-журналдардың санынан 65 есеге көп!). Бұлардың мүддесін көздейтін өз саяси қайраткерлері, өз лоббистері, өз бизнесмендері, өз қаржыгерлері бар. Керек десеңіз, өз «көсемдері» де бар.

Бұрынғы «көсемдері» марқұм Нұрболат Масанов еді. Қазақ тілін түкке тұрғысыз, түкке алғысыз етіп шығарған Н.Масановты қазақтың айтулы ақсақалдары, белгілі азаматтары, беделді зиялылары қаншама рет ақылға шақырып, нешеме рет аяусыз сынады десеңізші?!

Бірақ, Н.Масанов тәубеге келді ме? Қазақ тілін қорлағаны үшін қазақ ұлтынан, қазақ халқынан кешірім сұрады ма? Сұраған да жоқ, тәубеге келген де жоқ. Өйткені, қазақ ұлты мен Нұрболат Масановтың арасында ешқандай рухани ортақтастық жоқ болатын: ортақ рухтастық, ортақ мүдделестік, ортақ ділдестік, ортақ үндестік жоқ болатын.

Тарих көшіне көз салсаңыз, бір ұлттың бөлек тілде сөйлейтін бірнеше қауымдастыққа бөлінгені, бұл құбылыстың бірте-бірте асқына, ушыға келіп, әлгі ұлттың тілдік белгілеріне қарай екі мемлекетке, кейде үш-төрт мемлекетке бөлініп-бөлшектеніп кеткені аз кездеспейді.

Қазақ ұлтының да жоғарыдағыдай екі тілде сөйлейтін екі ұлтқа айналуы – шын мәнінде, қасіретті, күйзелісті құбылыс.

Бұл күйзелісті құбылыстан қалай құтыламыз? Мұның алдын қалай алуға болады?

***

Мұның бір-ақ жолы бар. Біз қазаққа, қазақтыққа және қазақ тіліне қатысты қазіргі күнгі ұлтбезерлік саясатты түп-тамырымен өзгертуіміз керек. Ұлтбезерлікті саясаттың құралына айналдыруды тоқтатуымыз қажет.

Сонда ғана қазақ тілі Қазақстанда шын мәніндегі мемлекеттік тілге, яғни ортақ тілге айналады. Біз бұл жерде казақ тілінің шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналуының жолын, жөнін, жобасын, жоспарын, шарттарын, бағдарламасын атап айтып, қадап тұрып көрсеткен қазақ зиялыларының ой-пікірін қайталап жатпай-ақ қоялық. Ұдайы назардан тыс қалып келе жатқан мына бір мәселеге тоқтала кеткенді орынды көріп отырмыз.

Дәл қазір Қазақстандағы орыс мектептерінде оқып жүрген оқушылардың 70 пайыздан астамы – қазақтың балалары. Біз ертеңгі күні қазаққа, қазақтыққа қарсы шығып, қазақтың ұлттық құндылықтарының күл-талқанын шығаратын «болашақ кадрларды» осылай даярлап жатырмыз.

Орыс мектебінде оқыған бала қайтып қазақ бола алмайды. Бұл – өмір-кемеңгер, уақыт-данышпан дәлелдеген шындық. Орыстілді қазақтардың аға буыны мен орта буынын қазақ ете алмасақ та, ең болмағанда, кейінгі буынын қазақ етуге күш салуымыз керек.

Сондықтан да, орыс мектебінде оқып жүрген қазақтың ұл-қыздарын қазақ мектебіне ауыстыруымыз керек. Қалай? Әкімшілік жолмен! Егер, қазақ билігі, қазақ әкімшілігі қазақ тілінің мүддесін көздей алмаса, онда оның несі билік, қай жері әкімшілік?! Егер, біз қазақ балаларын қазақ мектептерінде оқыта алмасақ, онда несіне ұлт атанып, халық атанып жүрміз?!

Енді, осы жерде кейбір керауыздар «Сонда ата-ананың қалауы, баланың еркі қайда қалады?» деуі де мүмкін. Қазір қазақ тілінің жағдайы өте мүшкіл: қатерлі шекке жетіп, тығырыққа тіреліп тұр.

Сондықтан да, мұндай қазақтарға, яғни, өз балаларын орыс мектебіне беруге әуес ата-аналарға ерік бермеу керек. Ерік берсек, ана тілімізден айырылып қаламыз. Сол себепті, мұндай мәселені әкімшілік жолмен шешіп (арнайы қаулы шығарып не болмаса нұсқау беріп), қазақ балаларын тегіс қазақ мектебінде оқытуымыз керек.

«Өзінің балаларын қазақ мектебінде оқытқысы келмейтін қазақтар шу шығарса қайтеміз?» Мұндай сұраққа біз былай жауап берген болар едік: «Егер, Қазақстандағы күллі қазақтілді қауым дүрк көтеріліп: «Жетті! Болды! Уәдеге де, жел сөзге де әбден тойдық! Біз бұл мемлекетте қазақ тілін өркендете алмайтынымызды білдік. Қазақ тілінен айырылып қалмас үшін біз енді бұл мемлекеттен бөлініп шығып, жеке мемлекет құрамыз! Бізге бұдан басқа жол да, жөн де қалмады!» десе, не дер едіңіз?

Осы екі шудың қайсысы күшті, қайсысы басымырақ? Қайсысы қатерлірек? Сіздің, тек сөздің ғана емес, біздің бәріміздің (әсіресе биліктің) бұл жөнінде ойланғанымыз жөн. «Төзімділік, көмбістік, көнімпаздық (толерантность) – тек қазақтілділерге ғана тән» десеңіз, қатты қателесесіз…»

***

Қазақтілді зиялылар, жалпы, қазақтілді қауым қазақ тілінің мұңы мен зарын айта-айта әбден шаршады. Қажыды. Шаршаған, қажыған жұрт не істейді енді?

Бұрынғыдай ішкі зарын лақылдатып сыртқа төге бермейді, өздерін тыңдамаған, қажытқан, шаршатқан биліктегі дөкейлерге деген ренішін, ызасын ішіне жинап, ішіне бүге береді.

Содан ішке жиналған ыза түйінді жараға айналады. Күбірткі сияқты. Ал, күбірткі…

Әмірхан МЕҢДЕКЕ, 

әдеби сыншы, журналист.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.